Басты Жаңалықтар Рафаэль Уразбахтин: «Қайрат» тарихи ойынға дайын

Рафаэль Уразбахтин: «Қайрат» тарихи ойынға дайын

Қазір Алматыдағы Орталық стадионда баспасөз конференциясы өтіп жатыр. Сол жерден әріптесім Азамат Бейбітұлы байланысқа шыққалы тұр. 

Азамат Бейбітұлы, тілші:

Қазір баспасөз конференциясы өтіп жатыр. «Қайрат» клубының бас бапкері Рафаэль Уразбахтин команданың дайындығы туралы баяндады. Оның айтуынша, «Қайрат» мұндай тарихи ойынға толық дайын. Команда матч барысында тек қорғаныста қалмайды, шабуыл жасап, тең ойын көрсетуге мүдделі. «Селтикпен» болған ойындарда ерекше өнер көрсеткен қақпашымыз Темірлан Анарбеков ертенгі матчқа қатыспайтыны белгілі. Александр Заруцкий де жарақатынан кейін қатарға қосыла алмай тұр. Демек ертеңгі матчта қақпамызды Шерхан Қалмұрза күзетеді. Бұған дейін «Спортингпен» болған ойында ірі есеппен жеңілсек те, Шерхан өзінің жақсы ойынымен көзге түскен еді. Рафаэль Уразбахтин «Реал Мадридтің» бапкері Хаби Алонсо жайлы да сөз қозғаған еді. Хаби Алонсо Байерде жақсы жұмыс істеген, өз қолтаңбасы, тактикасы бар бапкер. Бірақ оның «Реалға» келгеніне 4 айдай ғана уақыт болды. Бұл да мән беретін факт. Оның үстіне «реалдықтар» ең ұзақ сапарын өткерді. 6,5 мың шақырым жерді артқа тастап ұшып келді. Мұның бәрі ойын барысына әсер етуі мүмкін.

Дастан Сәтпаев, «Қайрат» ФК шабуылшысы:

Біз қарсыластардың әрбірін екі футболшыдан қарсы алып, допты оңай тартып аламыз немесе қорықпай бір-бірден ойнап көреміз. Бұл – біз үшін жаңа тәжірибе. Сондықтан барынша қарсы тұруға тырысамыз. Әрине матч өте қиын болатынын түсінеміз. Ыңғайсыз қарсылас, оның үстіне бірнеше рет Чемпиондар Лигасының чемпионы болған. Десе де жеңіске жеткіміз келеді. Менің ойымша, жанкүйерлеріміз үшін тырыссақ, бәрі де сәтті болады.

Рафаэль Уразбахтин, «Қайрат» ФК бас бапкері:

Олар өте жылдам және кез келген сәтте қарсы шабуылға шығады. Бізге олардың шабуылшыларын қадағалау өте маңызды. Қорғаныста ойнайтын жігіттерге күш түсейін деп тұр. Әрине олар бар күшін салып, сауатты ойнауға тырысады. Бұл матч тек біз үшін ғана емес бүкіл Қазақстан үшін тарихи оқиға. Өз алаңымызда болып жатқандықтан,  мүмкіндігіміз жоғары. Сондықтан өзімізге сенуіміз керек. Жоғары деңгейдегі клубпен ойнау бізге үлкен тәжірибе әрі сынақ деп те айтсам болады.


Бөлісу