Ақтөбе облысының тұрғындары қоғамдық көлікке міну үшін вагон астымен өтуге мәжбүр
Ақтөбе облысындағы меншікті тілші Жақсыбек Кемалдың мына бір репортажына тоқталғым келеді. Қызғалдақты ауылының тұрғындары қалаға баратын қоғамдық көлікке міну үшін жандарын шүберекке түйіп, темір жол бойындағы жүк пойыздарының астымен өтеді. Олай етпесе аялдамаға дейін айналма жолмен төрт шақырым жаяулап барулары керек. Бұл ауылда елуге жуық түтін бар. Тұрғындар күн сайын облыс орталығына және көрші Қурайлы ауылына бару үшін жолға шығады. Тұрғындар бастарын қатерге тігіп, алдымен темір қоршаудан, одан кейін көліктер жүйткіп жатқан жолдан өтеді. Айтуларынша, соңғы 7-8 жыл ішінде онға жуық адамды көлік қаққан.
Гүлшара Төлесінова, Қызғалдақты ауылының тұрғыны:
Өтіп бара жатқанда көлік қағып кетті. Бұған дейін атамның ағасын, кейін қайынағамның келінін де көлік соққан. Сол кезде садақасына көмектестік. Бұл трасса біз үшін өте қауіпті. Теміржол да қиындық тудырып тұр. Бізге өткел салып берсе екен.
Ауылдан Ақтөбе-Мәртөк трассасына дейінгі аралық 300 метрдей ғана. Алайда екі ортада темір жол бар. Адамдардың қауіпсіздігі үшін жер үсті өткелі қарастырылмаған. Ал аялдамаға дейін айналма жолмен бірнеше шақырым жаяу жүру балалар мен қарттарға тіпті қиын.
Әлібек Шығыров, Қызғалдақты ауылының тұрғыны:
Вагондар жиі тоқтап қалады, сондықтан бәріміз балалар да, өзім де пойыздың астынан өтуге мәжбүр боламыз. Қыста тіпті қиын, пойызды қар басып қалады да, жағдай одан сайын күрделене түседі.
Атқарушы билік өткел мен аялдама салып беруге он жыл бұрын уәде берген. Алайда уәде орындалмады. Орындалмайды да.
Мирас Қажыбаев, Астана аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:
Қазіргі таңда бұл экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Себебі ол тұрғын алабы өте кішкентай, халық саны да аз. Сондықтан қаржы бөлуді экономикалық жағынан дәлелдеу қиын.
Әкімдік тұрғындар үшін жол бойына тек аялдама салынатынын айтты. Бірақ ол да елді мекеннен жырақта орналасады. Жауаптылардың айтуынша, оны ауылдың дәл іргесіне қою – қауіпті. Осындай шешілмейтін мәселелер. Жапонияның Хоккайдо аралында бір оқушы қыз баланың мектепке бара алуы үшін теміржол станциясын жабуды кейінге ысырғаны туралы история еске түседі. Қосыңқыраған тұсы бар дейді, дегенмен болған оқиға.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
