Еңбек күні әлемнің 142 мемлекетінде тойланады
Еңбек күні әлемнің 142 мемлекетінде тойланады. АҚШ пен Канада халқы мерекені қыркүйектің алғашқы дүйсенбісінде, ал жапондар 23 қарашада атап өтеді. Басқа мемлекеттердің барлығында еңбек күні ресми түрде 1 мамыр боп бекітілген. Еуропада, Бельгияда мереке қалай тойланады екен? Бұл туралы бізбен қазір Брюссельден байланысқа шыққан әріптесім Нұрсұлу Қасымнан білейік. Нұрсұлу, баяндай беріңіз.
Иә, Еуропа елдерінде, Бельгияда да еңбек күні 1 мамыр. Демалыс. Бұл күні ел бойынша түрлі мерекелік шаралар, байқаулар ұйымдастырылады. Кәсіподақ ұйымының өкілдері шеру өткізіп, жұмысшылардың құқын қорғау, жалақысын көтеру сынды өзекті мәселелерді көтереді. Еуропаның еңбек нарығында қазір дағдарыс. Еурокомиссияның мәліметіне сүйенсек, бүгінде 42 мамандық бойынша кадр тапшы. ЕуроОдақ елдерінде білікті дәрігер, медбике, IT мамандарынан бөлек, құрылысшы, дәнекерлеуші, жүк көлігін жүргізушілер жетіспейді. Бүгінде Германияда 1 млн, Ұлыбританияда 750 мың, ал Францияда 500 мың вакансия бос тұр. Ал, Еуростат статистика агенттігінің мәліметінше, қазір ЕуроОдақта 13 млн адам жұмыссыз. Сарапшылардың пайымынша, еңбек нарығындағы дағдарысқа екі мәселе себеп. Сұхбатты назарларыңызға ұсынамын.
Крис Клейхн, Әлеуметтану орталығының сарапшысы:
Жастар жұмыс істеуге құлықсыз. Немесе таза, жылы кеңседе отырып, жоғары айлық алғысы келеді. Жұмысшы мамандықтарға қызықпайды. Екіншіден, жұмыс берушілерді жас мамандардың кәсіби біліктілігі қанағаттандырмайды.
Батыс Еуропа елдерінің басшылары «Еңбек миграциясы» туралы заңды өзгертіп, қазір бос тұрған жұмыс орындарын шетелдік жұмыс күшінің есебінен толтыруды ұсынуда. Өйткені, 2030-жылға қарай Еуропада еңбекке қабілетті азаматтардың саны 14 млн адамға қысқарады. Белсенді жастардың азайып, қарттардың көбеюі еңбек нарығында алапат дағдарысқа әкелуі мүмкін. Зейнетақы төлеуді де қиындатады-дейді сарапшылар. Сондықтан Еуропа елдері зейнетке шығу жасын 2030 жылға қарай қазіргі 65-тен 67-жасқа көтеруді көздеп отыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
