Басты Жаңалықтар «Наурыз жұмыскер» ипотекасына өтінім қабылдау жыл соңына дейін жалғасады

«Наурыз жұмыскер» ипотекасына өтінім қабылдау жыл соңына дейін жалғасады

«Наурыз жұмыскер» ипотекасы арқылы 7 айда 2 мың адам баспана алды. Арзан несиеге өтінім қабылдау әлі тоқтаған жоқ. Тек құжаттарды жыл соңына дейін жинап үлгеру керек. Бағдарламаға кімдер қатыса алады? Шарттары қандай?

«Наурыз жұмыскер» ипотекасына Астана мен Алматыдан 36 миллион теңгеге үй сатып алуға болады. Ал өңірлерде шекті сома – 30 миллион теңге.  Бағдарлама өндірісте жұмыс істейтін мамандарға арналған. Сондай-ақ, көлік, ауыл шаруашылығы және су ресурстары бағытында еңбек етіп жүргендер де қатыса алады. Шарттарына тоқталайын. Несие әлеуметтік осал топтарға 7%-бен, басқаларға 9%-бен беріледі. Жөндеу жұмысы толық аяқталған, дайын пәтерге алғашқы жарна - 10 пайыз. Ал әрленбеген баспана не жер үй үшін 20 пайыз.  

Дәрия Батенова, «Отбасы банк» АҚ орталық филиалы директорының орынбасары:

Моноқалаларда ғана екінші нарықтан үй алуға болады. Ал Алматы, Астанаға келетін болсақ, онда бірінші нарықтан алуға болады. Төлем қабілетін растағаннан кейін олар өздерінің «Баспана маркет» қосымшасынан үй таңдай алады.

Бағдарламаға қатысу үшін «Отбасы банктің» бөлімшесіне бару керек. Онлайн өтінім қабылданбайды. Көп құжат жинамайсыз. Тек соңғы бес жылда атыңызда үй болмағаны туралы және жұмыс орнынан анықтама қажет. Өтінім 10 жұмыс күнінде қаралады. Бағдарлама келесі жылы жалғаса ма, жоқ па белгісіз. Әзірге нақты шешім қабылданған жоқ. Сондықтан қатысамын десеңіз, кейінге қалдырмай өтінімді биыл, жыл соңына дейін жазған абзал.  «Наурыз жұмыскер» конкурстық негізде өтпейді. Яғни отбасыңыздың бар-жоғы, жасыңыз, еңбек өтіліңіз маңызды емес. Бірақ орын саны шектеулі. Бүгінге дейін 1918 адам үй алып үлгерді. Үкімет жалпы сомасы 72 миллиард теңге бөліп,  биыл 2 жарым мыңнан астам маман баспаналы болады деп жоспарлаған. Демек, қазір 600-дей орын қалды.




Бөлісу