Басты Жаңалықтар Тігінші – тұтас өндірістің тірегі

Тігінші – тұтас өндірістің тірегі

Елімізде тігін өнеркәсібі қарқын алып келеді. Отандық фабрикалар сапалы әрі сұранысқа ие киімдер тігіп, шетелдік нарыққа да шығуда. Мәселен, Алматыдағы бір ғана тігін цехында күніне елуден аса бұйым тігілсе, оның артында жүздеген шебердің еңбегі жатыр. Әріптесім Айдана Қуантхан өндірістік үдеріспен танысып, тігіншілермен тілдесіп қайтты.

Гаухар Шағаева  – ине мен жіптен сән өрген шебер. Тігіншілікті кәсіп еткеніне 33 жыл болыпты. Ісмер әр бұйымның бірегей әрі ыңғайлы болуына мән береді. Тігін  –  тұнып тұрған математика. Ал тігіншінің бойында әртүрлі қасиет болуы керек, негізгісі – табандылық. Өйткені, шеберлік бірден пайда болмайды, дейді Гаухар Шағаева.

Гаухар Шағаева, тігінші:

Көбісі ойлайды, бұл оп-оңай деп, бұның бәрінің қиығын келтіру керек. Қазақстанның брендін тігіп жатқаннан кейін сапалы болуы керек, бағасына сай. Жақсы, қиын операцияларды үйреніп, жаңа технология машиналарды үйреніп жатырмыз. Бұл жақта бір машинамен тіге бермейсің. Оверлок бар, окантовка деген машина бар жаңадан шығып жатқан.

Цехтағы өндірістік желі толық автоматтандырылған. Мұнда мата өлшеп, кесіліп, өнімнің үлгісі дайын күйінде келеді. Күніне елуге жуық киім тігіледі. Ал мамандар тігістің біркелкі әрі сапалы болуын қадағалауы тиіс.

Фабрика көбіне спорттық киім тігуге бағытталған. Жылына 100 мыңға жуық түрлі бұйым  шығаратын өндіріс орнында 120-дан аса маман жұмыс істейді. Маңдай термен өрілген еңбек елдің тек ішкі нарығын толтырмай, алыс-жақын елдерге де экспортталады. 

Асқар Қарнақов, тігін цехының басшысы:

Тігін цехында білікті мамандар шоғырланған. Әрқайсысына артылған жүк бар. Бірі матаны тігіп-пішсе, енді бірі моделін құрастырып, үлгісін әзірлейді. Өндіріс ошағында 200-ге жуық технология бар. Біздің қазақстандық бұйымның әр тігісінде ұлттық болмыс, мәдениет бар.

Қазір кәсіпорында бес цех үздіксіз істеп тұр. Өндіріс орны болашақта ауқымын кеңейтіп, қосыша жұмыс орнын ашуды көздейді. Себебі, шеберлердің табанды еңбегі  еліміздің жеңіл өнеркәсібінің әлеуетін арттырмақ.


Бөлісу