Атырау облысында шалғайдағы ауылдарға су тартылып жатыр
Атырау облысы Құрманғазы ауданында Ресеймен шекаралас орналасқан ауылдарға су тартылып жатыр. 2000 жылдардың басында елді мекендерге су жеткізілгенімен жер-жерден ақау шыққан. Содан бері ауылдықтар тіршілік нәрін құдықтан тартып ішіп келеді. Қазір мамандар құбырларды тексеріп, жуырда іске қоспақ ниетте.
Ауылдықтарды әзірге Қайырбек Баубековтің осы көлігі ғана құтқарып тұр. Күніне бірнеше рейс жасап, құдықтарды толтырады. Жеке үйлерден бөлек шаруашылықтарға, әлеуметтік нысандарға да су осы техникамен жеткізіледі.
Қайырбек Баубеков, су тасушы:
Былтыр күзден бері жүрмін. Сұранысқа байланысты енді. 6-8 күніне рейс. Ең көп 12 рейс болады кейде.
Бір Балқұдық ауылының өзінде 1500-ге тарта адам тұрады. Ал тіршілік нәрінен таршылық көріп отырған тағы осындай 4-5 ауыл бар. Құдықтан су тартып, жер асты суын пайдаланып отырғандардың бірі Құрманбай Гайсин. Судың сапасы нашар, амалсыздан тұтынуға мәжбүрміз дейді ол.
Құрманбай Гайсин, Балқұдық ауылының тұрғыны:
Жылып кеткен кезде ап-ащы болады. Нашар су. Су шақ келмейді. Біздер мал суарамыз. Моншаға жағамыз. Су айға жетпейді.
Қазір бірнеше елді-мекенге су тартылып жатыр. Азғыр, Қоңыртерек ауылдарына тіршілік нәрі жетті. Қосуға дайын тұр. Ал Балқұдық, Сүйіндік ауылдарында жергілікті су арнасы құбырларды тексеруде.
Нұрболат Маратұлы, «Құрманғазы су арнасы» мекемесінің өкілі:
Қазіргі уақытта тек орталық құбыр тексеріп жатырмыз. Орталық құбырдан ақау жоқ. Енді қалғаны тұрғылықты үйлерге қарай су тарту.
Арон Ғұмаров, Азғыр ауылдық округі әкімінің уақытша міндетін атқарушы:
Ауылдың ішіне әрбір үйге барып тұрған жеріне өздерінің счетчигін қондырып кіргізіп береді. 60 күн уақыт бар. Енді бітіреді деп күтіп отырмыз.
Бұл жұмыстарды атқаруға аудандық бюджеттен 190 млн теңге шамасында қаражат бөлінген. Жауаптылар қысқа дейін барлығын бітіреміз деп сендірді. Енді тұрғындарды «жерасты суының қоры қашанға дейін жетеді?» деген сұрақ алаңдатып отыр.
Ғани Рухолла, «Қоянды» топтық су құбырының жетекші маманы:
Жерасты суы бұл. Бұның да гидрологиялық сараптамасы бойынша қанша жылға жететіні белгісіз, 5 жыл деп айтады мамандар. Қазір нақты білмейміз.
Облыс әкімдігінің ақпаратына сүйенсек жалпы аймақтағы елді мекендердің 99,8 пайызы ауыз сумен қамтылған. Бірақ 10 шақты ауыл әлі күнге дейін тіршілік нәрінен тарығып отыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
