Басты Жаңалықтар Еуропада автоөндіріс тұралады

Еуропада автоөндіріс тұралады

Еуропада автоөндіріс тұралады. Сауда жоқ, бәсеке көп. Соның салдарынан зауыттар жабылып, мыңдаған адам жұмыссыз қалды. Еуропалық көліктерге АҚШ Президенті Дональд Трамптың 25 пайыз баж салығын енгізуі де жығылғанға жұдырық болды. Автоконцерндер: «ЕуроОдақ басшылығынан қолдау болмаса, құрдымға кетеміз», - деп дабыл қағып жатыр.

ЕуроОдақтың ішкі жалпы өнімінің 7 пайызы автомобиль өндірісіне тиесілі. 13 млн адам қазір осы салада жұмыс істеп жүр. Бірақ бәрінің көкейінде үміттен күдік басым. Себебі бір ғана Германияда көлік шығаратын үш зауыт жабылып, сексен мыңнан астам адам жұмыссыз қалды.

Клаус Шнид, Автоконцерннің коммерциялық директоры:

Үкімет тарапынан қаржылай қолдау болмаса, жағдай қиын. Тоқ өте қымбат. Қытай мен Азия елдерінің арзан көліктерінің кесірінен Еуропаның өндірістік саласы бәсекеге төтеп бере алмай, құрдымға кетіп барады. ЕуроОдақтың көміртектен арылу бағдарламасы да бізді тығырыққа тіреді.

ЕуроОдақ 2030 жылы ауаға тарайтын көміртекті 55 пайызға азайтуды көздеп отыр. Сол үшін 2035 жылдан бастап бензин, дизельмен жүретін жаңа көліктер сатуға тыйым салынады. Автоөндірушілер бірыңғай электрокар шығаруға басымдық беруі тиіс. Бірақ құны 16 мың еуродан басталатын Қытайдың электромобильдерімен бәсекеге төтеп беру мүмкін болмай тұр. 

Ксавье Орент, Автоөндірушілердің кәсіподақ ұйымының төрағасы:

Бізде автоөндірісті тиімді басқару ақсап тұр. Бәсекелестерімізге үкіметтен қаржылай қолдау көп. Олар электрокарға қажетті батареяларды өздері шығарады. Ал біз шетелдік шикізатқа зәруміз.

Дидье Будон, Брюссель қаласының тұрғыны:

Өзімізде шыққан электромобильдер өте қымбат. Қалта көтермейді. Сондықтан Қытайдікін алып жатырмыз. Арзан әрі технологиясы жетілдірілген. Қуаты ұзаққа жетеді.

Еуропалықтардың тоқпен жүретін теміртұлпар сатып алуға асықпауының тағы бір кілтипаны бар. Оны қуаттайтын станция тапшы.

Нұрсұлу Қасым, тілші:

Қазір ЕуроОдақта электромобильдерді қуаттайтын 880 мың станция бар. Оның өзі Бельгия, Франция, Германия мен Нидерландта ғана орналасқан. Бес жылда жаппай электрокарға көшу үшін кемінде 9 млн қуаттау бекеті қажет. Сондай-ақ өндіріске 800 млрд еуро инвестиция құймаса, «Еуропада жасалған» деген жазуы бар көліктер келмеске кетеді, дейді автоөндірушілер.


Бөлісу