Басты Жаңалықтар Павлодар облысында 100-ге тарта білім мекемесінде директор жоқ

Павлодар облысында 100-ге тарта білім мекемесінде директор жоқ

Павлодар облысында 100-ге тарта білім мекемесінде директор жоқ. Ал өңірдегі мектептірдің басым бөлігі тіпті мемлекеттік аттестациядан өтпеген. Мәселен, былтыр 236 мектептің 6-ы ғана сынақты тапсырған. Өзгелері не себепті сынақтан сүрінген? Басшы болудан педагог мамандар неге қашады?

Аттестация кезінде мектептердің оқу жоспары, сабақ кестесі, мұғалімдер мен оқушылардың біліктілік талаптарына сәйкестігі, тіпті қандай аумақты алып жатқан құжатына дейін тексеріледі. Бұл сынақтан мектеп басшылары әбден зәрезеп болған. Тіпті сол үшін жұмыстан кетіп жатқандары бар. Мәселен, облыста 100-ге тарта білім саласы мекемелері басшысының орны бос тұр. 28-і балабақша.
Айгүл Мәлікова, облыс әкімінің орынбасары:

Облыс бойынша 70-тен астам мектеп директоры тапшы. Неліктен? Өйткені қазіргі таңда директор болуға ешкім құлықты емес. Біріншіден, жалақысы мұғалімнен төмен. Екіншіден, басшылыққа тағайындалу үшін арнайы тест тапсыру қажет, ал оны көпшілігі өте алмайды. Осыдан тағы да үлкен сұрақтар туындайды.

Аттестациядан өте алмаған мектептер саны бойынша аймақ республикада алдыңғы үштікте. Мәселен, 2024 жылы облыстағы 360 мектептің 236-сы аттестацияға іліккен. Бірақ алтауы ғана өтті. Биыл 170 мектеп екінші мәрте тапсырған. 60-қа жуығы сүрінді. Енді оларды 29-ы күні прокуроратура және санэпидемстанцияның мамандары тексереді.
Бәкіжан Кәкім, Білім саласының сарапшысы:

Бұл – министрліктің құзыретіндегі мәселе. Мұндай тәжірибені алып тастаған жөн. Өйткені бір ауылда жалғыз мектеп аттестациядан өтпей қалса, оны жабу керек деген қағида дұрыс емес. Балалардың баратын басқа жері жоқ қой. Сондықтан қалай да аттестациядан өткізіп жібереді. Бірнеше жыл өтсе де, ақыры солай жасалады. Бұл – мүлде дұрыс емес. Жүйесін өзгерту қажет.

Аттестациядан тек ескі емес, су жаңа мектептер де өтпеген. Негізі бұл сынақты өткізуге Оқу-ағарту министрлігіне қарасты өңірлердегі сапаны қамтамасыз ету департаменттері жауапты. Құзырлы мекеме басшысының айтуынша орта білім беру ошақтары негізінен мына талаптарға сәйкес болмаған.
Гүлнар Үздембаева, Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы:

Өмір қауіпсіздігі пәні талапқа сай өтпегені анықталды. Біз оны қысқаша ОБЖ дейміз ғой, сол жерде қателіктер шықты. Әсіресе жол жүру ережесіне байланысты бірқатар кемшілік байқалды. Тәрбие сағаттары да мемлекеттік стандартқа енеді, сондықтан оны да тексереміз.

Бұл екеуі де негізгі білім беру бағдарламасына кірмеген, тәрбие сағаты ретінде қосымша оқытылады. Соған қарамастан аймақтың білім беру саласын артқа тартып тұр.


Бөлісу