Басты Жаңалықтар Зейнетақы қорынан заңсыз алынған ақша кері қайтарылмайды

Зейнетақы қорынан заңсыз алынған ақша кері қайтарылмайды

Қазақстан әлемде жасанды интеллектіге қатысты заңды қабылдаған алғашқы елдердің қатарында. Бүгін ел Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов осылай деп мәлімдеді. Екінші оқылымда мақұлданған заңда әділеттілік, заңдылық, ашықтық, адам құқықтары мен жеке мәліметтерді қорғау басты принцип ретінде қарастырып отыр. Сондай-ақ Мәжілісте тісті емдеймін деп зейнетақы қорынан заңсыз алынған ақша қайтарла ма деген сұраққа жауап айтылды.

Тістегеннің аузында кеткен миллиардтар. Қаржылық мониторинг агенттігі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан қомақты қаражатты заңсыз шығарып келген 5 қылмыстық топты анықтады. Олар еліміздегі бірнеше қалада отыздан аса стамотологиялық клиникада қызмет көрсетіп жатырмыз деп, жалған құжаттар рәсімдеген. Шын мәнінде тіс емдемеген. Осылайша қылмыстық топ 200 млрд теңгеден аса қаржыны шығарған.

Жеңіс Елемесов, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары:

Стоматологиялық клиникаларға лицензия берген өкілетті органдарға қатысты шешім қабылданады. Қазір бұл мәселе бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Халыққа ақшаны қайтарудың қажеті жоқ, тек қордан заңсыз қаржы алғандар ғана қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Қазақстан әлемде ЖИ бойынша заңды қабылдаған алғашқы елдердің қатарында

Мемлекет басшысы таяудағы Жолдауында алдымызға үш жыл ішінде Қазақстанды жаппай цифрлық елге айналдыру жөнінде ауқымды міндет қойды. Бүгін сол бастамамен үндес заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды. Онда жасанды интеллект құқықтық қатынастардың субъектісі ретінде танылмайтыны және адам барлық шешімдерге жауапты болып қала беретіні көрсетілген. Осы бағытта Ұлттық платформа құрылатыны да заңмен айқындалды.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

Бұл прогрессивті идеяны Президентіміз бүгін әлемнің ең басты мінбері — Біріккен Ұлттар Ұйымының төрінен де жариялады. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: Қазақстан жасанды интеллектіні технологиялық жетістік деп қана емес, адамзат прогресіне қозғау салатын зор табыс ретінде қарастырады деп атап өтті. 

Балабақшаға арналған жер басқа мақсатта пайдаланылмайды

Тағы бір заң жобасында балабақшаларды салуға арналған жердің мәселесі шешілді. Бұрын мектепке дейінгі ұйымдарға деген жер учаскесін қырық сылтаумен бас құрылыс компаниялары иемденіп кетіп, сол орынға мүлде өзге мақсаттағы нысан салынатын.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Бүгін қабылданған шешім бойынша балабақшаларға арналған жерлер жеке меншікке берілмейді және мақсатты өзгертіп басқа нысан салуға жол берілмейді. Бұл – өте маңызды қадам.

Осы заң жобасындағы тағы бір оң өзгеріс балаларға қатысты. Енді жасөспірім 6 жасқа толса да, жаз мезгіліне дейін балабақшада тәрбиелене беретін болды. Бұрын 6-ға толған бетте балабақшадан шығарылатын еді.


Бөлісу