БҰҰ Бас ассамблеясы: Пікір талас апталығы басталды
Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясының жалпы пікір талас апталығы осыдан екі сағат бұрын басталды. Ұйым сессиясына жүзден аса мемлекетттің басшылары қатысып жатыр. Мемлекет басшысы алғашқылардың бірі болып сөз сөйлейді.
Жалғас Сәдібекұлы, тілші:
Жалпы, пікірталас БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш пен 80-сессияның президенті Анналена Бербоктың баяндамаларымен ашылады. Әлем көшбасшыларының арасында бірінші болып Бразилия президенті Луис Инасиу Лула да Силва сөз сөйледі. Бұл ұйым құрылғалы үзілмей келе жатқан дәстүр. Одан кейін қабылдаушы ел ретінде АҚШ президенті мінберге шықты. Дональд Трамп халықаралық мәселелерге қатысты өз ұстанымын білдірді.
Жалпы, жүзге жуық елдің президенттері мен қырықтан аса үкімет басшылары қатысып жатқан пікірталас апталығының бірінші күнінде 30-ға жуық спикер сөз сөйлемек. Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йорк уақыты бойынша шамамен бір мен екі аралығында яғни, Астана уақытымен түнгі он мен он бір шамасында сөйлейді деп жоспарланған. Айта кетейік, Президент ТМД елдері басшыларының ішінде бірінші болып мінберге шығады. Сессияда талқыланатын негізгі тақырыптар Газа, Ресей Украина қақтығысы, жасанды интеллект секілді бірнеше жылдан бері күн тәртібінен түспей тұрған өзекті мәселелер. АҚШ қолдауын азайтқалы БҰҰ қаржыландыру жайы да қиын болып тұр. Сондықтан маңызды құрылымдарының жұмысы тұралап жатыр. Жалпы, ұзын саны 97 мемлекеттің басшылары сөз сөйлейді деп күтіліп отыр. Оның ішінде Сирия Президенті алпыс жылдан кейін алғаш рет БҰҰ мінберіне көтерілмек. Жалпы, баяндама жасаушыларға 15 минут уақыт беріледі. Дегенмен кейбір елдердің көсемдерінің мінберді босатпай регламенттен асып, сағаттап сөйлеп тұрып алған кездері де болған.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
