Басты Жаңалықтар Бүгін БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясы ашылады

Бүгін БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясы ашылады

Бүгін Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясының жалпы пікірталас апталығы басталады. Мемлекет басшысы алғашқылардың бірі болып сөз сөйлейді. Ал жұмыс сапарының екінші күні де  Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар кездесу өткізді. Оның ішінде БҰҰ Бас хатшысымен маңызды халықаралық мәселелерді талқылады.

Жалғас Сәдібекұлы, тілші:

Қазақстан Президенті мен Бас хатшы Антониу Гутерриш БҰҰ Бас Ассамблеясы сессиясында көтерілетін мәселелерді талқылады. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Ұйымға алдағы уақытта да қолдау көрсетіп, оның бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту, орнықты даму ісінде жетекші рөл атқара беруіне белсенді атсалысатынын айтты. Кездесуде Алматыдағы Орталық Азия мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттары жөніндегі Өңірлік орталығының қызметі туралы меморандумға қол қойылды.
Мемлекет басшысы сондай-ақ Черногория Президенті Яков Милатовичпен кездесті. Келесі жылы екі ел арасындағы дипломатиялық байланыс орнағанына 20 жыл. Осы жылдар ішінде мемлекеттер арасында достық пен өзара түсіністікке негізделген қарым-қатынас орнықты. Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз Черногорияны Балқан түбегіндегі маңызды серіктесі санайтынын атап өтті. Яков Милатович екіжақты байланыстарды дамытуға үлес қосқаны үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтты. Оның айтуынша, Черногория қазақстандық туристер жиі келетін елдердің біріне айналған. Ал Украина Президентімен кездесуде екіжақты экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастық мәселелер талқыланды. Владимир Зеленский Украинадағы жағдайға байланысты көзқарасын жеткізді. Қазақстан Президенті осынау аса күрделі ахуалға қатысты пікір білдіріп, қақтығысты тоқтату мақсатында дипломатиялық жұмыстарды жалғастыру қажет екеніне назар аударды.
Мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясының мерейтойлық 80-ші сессиясының Жалпы пікірталас апталығының ашылуына қатысады. Президент Нью-Йорк уақыты бойынша шамамен бір мен екі аралығында, яғни Астана уақытымен түнгі он мен он бір шамасында сөйлейді деп жоспарланған.
Айта кетейік, Президент ТМД елдері басшыларының ішінде бірінші болып мінберге шығады. Жалпы 97 мемлекет басшылары сөз сөйлейді деп күтіліп отыр. Оның ішінде Сирия Президенті алпыс жылдан кейін алғаш рет БҰҰ мінберіне көтерілмек.


Бөлісу