Ақтөбеде зейнеткер өз еңбегімен саябақ салып жатыр
Ақтөбелік зейнеткер өз еңбегімен саябақ салуда. Серік Қожымов қазірдің өзінде 500 көшет егіп, екі гектар аумаққа күтім жасап отыр. Жерді мемлекеттен 9 жылға жалға алған. Қалтасынан 3 миллион теңгеге жуық қаржы шығарып, аумаққа жарық пен су тартқан. Осылайша жалғыз өзі «Таза Қазақстан» акциясына ерекше үлес қосты.
72 жастағы Серік Қожымов өзі тұратын Сая елді мекенінің аумағына саябақ салуды көптен бері ойлап жүріпті. Бірер жыл бұрын жоспарын жергілікті билікке айтып, көмек сұраған. Нәтижесінде осы аумақты күтімге алды. Биыл көмекшісімен бірге қара ағаш пен үйеңкінің бес жүз көшетін отырғызды.
Серік Қожымов, зейнеткер:
Балаларға бір нәрсе қалдыруым керек қой. Әркім бағалы дүниелерді — телефон, көлік, үй қалдырады. Ол да дұрыс шығар. Бірақ мен рухани мұра ретінде ағаш егуді жөн көрдім. Оның үстіне Президентіміздің «Жасыл ел», «Таза Қазақстан» сияқты бағдарламалары бар. Сол саясатты қолдап отырмын.
Зейнеткер үшін бұл іс - еріккеннің ермегі емес, ұрпаққа қалдырар үлкен өнеге. Ол күні бойы осында жүреді. Көмекшісіне өз қалтасынан айлық төлеп отыр. Саябақ аумағына балалардың ойын алаңын салуға да бастамашы болды.
Сейсенбай Мақашев, көршісі:
Ерінбей, барлығын өзі істеп жүр. Жалдап, халықты жинап, сенбілік ұйымдастыруда. Біз де қолдау көрсетіп келеміз.
Зейнеткердің ендігі мақсаты – саябақ аумағын қоршау және балаларға арналған футбол алаңын салу. Оған жергілікті билік көмек қолын созады деп үміттенеді.
Рүстем Өтешов, Алматы ауданының әкімі:
Келесі жылы ол жерге футбол, баскетбол және воркаут алаңдарын орнатуды жоспарлап отырмыз.
Бұл жерге Сая, Мағаджан және Заречный елді мекендерінің халқы келіп дем алады. Әкімдік өкілдері демеушілердің көмегімен саябақты қоршаймыз деп уәде берді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
