Басты Жаңалықтар Адам саудасына қатысты 141 қылмыстық іс қозғалды

Адам саудасына қатысты 141 қылмыстық іс қозғалды

Елімізде жыл басынан бері адам саудасына қатысты 141 қылмыстық іс қозғалды. Соның 7-еуі ағза сату, 19-ы жезөкшелікке тартуға байланысты. Бұл туралы «Заң және тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылған жиында айтылды. Депутат Марат Бәшімовтің сөзінше, бұрын адам саудасы туралы деректердің көбі жасырын қалатын. Ал арнайы заң қабылданғаннан кейін талай қылмыс ашылған.

Марат Бәшімов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Бастысы – статистиканы жасыру тыйылды. Бірақ әлде де тереңірек қаузасақ, адам саудасы бұдан да көп болуы мүмкін. Сол үшін қазіргі заң жобасына бірқатар норма енгіздік. Енді «Ұлттық баяндаушы» деген лауазым бар. Олар барлық жағдайды жіпке тізіп, баяндама жасап, Мемлекет басшысына жеткізіп отырады.

Баланы 500 мың теңгеге сатқан

Ал бала саудасына байланысты 19 дерек тіркелген. Бірі өз сәбиін сатса, енді бірі делдал болып, заңды белден басқан. Адам саудасына қарсы күрес басқармасының айтуынша, олар баланы 500 мыңнан 1 жарым миллион теңгеге дейінгі сомаға саудалаған. Айта кетейік, қазіргі заңға сәйкес адам саудасымен айналысқандар 18 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал баланы әрі қарай кім тәрбиелейтінін сот шешеді.


Бөлісу