Басты Жаңалықтар Ислам мәдениеті ұйымы діндер арасындағы татулыққа шақырады

Ислам мәдениеті ұйымы діндер арасындағы татулыққа шақырады

Діндер арасындағы диалогтың маңызы – татулық пен бірлікке шақыру. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары VIII Съезіне қатысып жатқан Ислам мәдениеті және байланыс ұйымының Президенті Мұхаммад Мәһди Иманипур ұлттық арна тілшісіне берген сұхбатында осылай деді.

Мұхаммад Мәһди Иманипур, Ислам мәдениеті және байланыс ұйымының Президенті:

Бүгінде әлемде қақтығыстар жиілеп тұр. Бұл алаңдатарлық жағдай. Сондықтан қазіргі кезде бейбіт диалогтар аса қажет. Ал ол үшін ортақ келісімге келетін, пікірлерді біріктіретін алаң болуы шарт. Астанадағы бүгінгі съезд дәл осындай маңызды рөл атқарады деп сенемін.

Әлемде кикілжің тудыратын орталықтар көп, ал діндер арасындағы диалогты дамытатын ұйымдар тым аз. Сондықтан мұндай кездесулерді барынша қолдап, діндердің ортақ тұстарын анықтап, оны бүкіл әлемге жеткізу аса маңызды. Дін адамзатты бөліп-жаруға емес, керісінше біріктіруі тиіс. «Доха халықаралық діндер арасындағы диалог» орталығының төрағасы Ибрахим Сален Әл-Наймидің пікірі осыған саяды.

Ибрахим Сален Әл-Найми, Доха халықаралық діндер арасындағы диалог орталығының төрағасы:  

Мұндай жиынның мақсаты – әлемдегі түрлі діндердің ортақ құндылықтарын анықтап, оны бүкіл адамзатқа жеткізу. Біз бірлікке, бейбітшілікке бастайтын осы құндылықтарды ғаламдық деңгейде дәріптеуіміз керек. Біздің орталық та 20 жылдан бері осы бағытта жұмыс істеп келеді. Әлем жұртшылығы жаһанда болып жатқан қайғы-қасіретке бейжай қарамауы тиіс. Қазір Газа секілді өңір тұрғындары аштық пен соғыстан зардап шегіп жатқаны баршаға аян. Сондықтан тек біз діни көшбасшылар ғана емес, бәріміз жауаптымыз.


Бөлісу