Сот жүйесіне ЖИ енгізілуде
Сот жүйесіне жасанды интеллект енгізіліп жатыр. Бүгінге дейін жаңа технологиялардың көмегімен 3 миллионға жуық іс қаралған. Бұл туралы Конституциялық Сотта өткен халықаралық форумда айтылды. Жаңа бағдарламаны судьялар даулы сот процестерінде қолдана алады. Яғни өзі қарастырып жатқан материалға ұқсасын тауып, заң үстемдігі жағынан үздік деп танылған елдердің тәжірибесін қарайды. Бұл шиеленіскен жағдайлардың өзінде қателікке жол бермей, тек әділ шешім шығару үшін жасалып отыр. Конференцияда осы бағдарламаны одан әрі жетілдіру жайы талқыланды.
Бақыт Нұрмұханов, ҚР Конституциялық Сот төрағасының орынбасары:
15 мемлекеттің конституциялық құқық саласындағы ғалымдары қатысуда. Біз Орталық Азия, Африка, Америка елдерімен бірлесе отырып, елімізде құқық үстемдігін қамтамасыз ету тетіктерін нығайтудың жолдарын іздейміз.
Іс-шарада салаға енгізілетін өзге де жаңашылдықтар сөз болды. Мәселен, енді судьяның шешімімен келіспеген азаматтар арнайы бағдарламаның көмегімен өтінім жаза алады. Қазір Конституциялық сотқа «е-өтініш» сайты арқылы жүгінуге болады. Бірақ құжаттарды енгізу біраз уақыт алады. Ал жаңа бағдарлама іске қосылғаннан кейін өтінім жазу жеңілдейді.
Айта кетсек, Конституциялық сот құрылғалы тұрғындардан 11 мыңнан астам өтінім
түскен. Сот оның әрқайсысын зерделеп, Конституцияға сай келмейтіндерін саралап
алған. Нәтижесінде 20 заң Ата заңға қайшы деп танылды. Бүгінгі форумға келген
шетелдік сарапшылар сол өзгерістерді қарап, талдап шықты.
Ким
Бок Хен, Оңтүстік Корея Республикасы Конституциялық сотының судьясы:
Оңтүстік Кореяда әділ төрелік басты орында. Біз заңда Конституцияға қайшы шешімдердің болмауына ерекше ден қоямыз. Бұл жағынан Қазақстан да ілгері басқан. Кәсіби тұрғыдан алғанда барлық түзету халықаралық талаптарға сай келеді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
