Депутаттар Жолдаудағы бастамаларды заңдық тұрғыдан қамтамасыз етуге дайын - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар Депутаттар Жолдаудағы бастамаларды заңдық тұрғыдан қамтамасыз етуге дайын

Депутаттар Жолдаудағы бастамаларды заңдық тұрғыдан қамтамасыз етуге дайын

Депутаттар Жолдауда Президент көтерген бастамаларды заңдық тұрғыдан қамтамасыз етуге дайын. Сондай-ақ олар негізгі басымдықтардың түпкі мән-мазмұнын түсіндіріп, саяси және экономикалық тұрғыда қандай өзгерістер алып келетінін айтты.

Құқықтық жүйенің түбегейлі өзгерісін көздейтін жаңа модель — бұл саяси институтты қайта құру, заң қабылдау үдерісін жеңілдету жолындағы терең реформа. Егер Сенат таратылып, партиялық тізім негізіндегі сайлау жүйесіне өтсек, Парламент құрылымы мүлде басқа форматқа ауысады.

Ермұрат Бапи, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Оған азаматтық белсенділікпен, азаматтық мұқтаждықпен, мүдделілікпен араласып, осыны талқылап, саналы, салиқалы пікірталасқа қатысуымыз керек деп ойлаймын.

Референдум арқылы оң шешім қабылданған жағдайда Парламент депутаттары тек партиялық тізім арқылы жасақталады. Өңірдің мәселесін билікке жеткізгісі келетін белсенділер бұрынғыдай жергілікті мәслихат депутаттығына бара алады.

Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Билікті сынаушыларға толық мүмкіндік беріліп отыр. Бір жылда партия құрасың ба, әлде бар партияға кіріп, ішкі билікті өз қолыңа аласың ба – жолы көп. Қысқасы, 1,5–2 жылда барлық мәселені жан-жақты зерттеп, түсінуге мүмкіндік туды.

Енді экономикалық бастамалар. Тауарларды шикізат ретінде экспорттаудан терең өңделген өнімге ауысу ұстанымы басым. Отандық өндірісті қолдау арқылы өңдеу секторы нығайып, халықаралық нарықта бәсекеге қабілеттілік артады. Ал екінші деңгейлі банктер кәсіпкерлерді арзан пайызбен несиелендіруге міндеттеледі. Бұл — шағын және орта бизнесті қолдаудың бірден-бір жолы.

Елнұр Бейсембаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Бізде соңғы екі жылда 20 пайызға инвестиция төмендеп кетті. Бұл 2 млрд доллардан астам қаражат. Тікелей қаражат халыққа келіп тиетін. Сол себепті Мемлекет басшысы осы жұмысты күшейту керек деді.

Яғни, сырттан келетін инвесторлар да өңдеу өнеркәсібіне көбірек тартылмақ. Құйылатын қаржыны көбейту үшін атқарылуы тиіс жұмысты да Президент нақтылап берді. Жолдау кезінде Президент әр салаға тоқталған сайын оны цифрландыру мен жасанды интелектіні пайдалану мәселесіне ерекше көңіл бөлді. Бұл өнімділікті арттырып қана қоймай, жұмысты жеңілдетеді.

Сүйіндік Алдашев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Қазіргі заманның талабына сай жасанды интеллектімен бүкіл цифрландыруды дамытуымыз керек. Осы тек қана жасанды интеллектімен цифрландыру аясында ғана еліміздің экономикалық салада кең жол ашылатынын бәріміз түсініп отырмыз.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Әлемді өзгертетін ең басты фактор бүгінде жасанды интеллект. Көп мемлекет оған әлі икемделген жоқ. Біз оны тек қана икемделіп қана қоймай, оны нақты әр азаматтың өміріне қалай енгізіміз деген мәселені бүгін Мемлекет басшысы тіпті әлеуметтік жүйеге, фармацевтикаға, тұрғын үйге, логистикаға барлық салаға енгізу керектігін айтып, нақты жолдарын көрсетті.

Президент Жолдауында айтылған бастамалар ел дамуының жаңа бағытын айқындайды. Ал оны іске асыру жолында Парламент нақты қадамдарға дайын екенін көрсетті. Алдағы өзгерістер саяси жүйені жаңғыртып қана қоймай, экономиканы күшейтуге де серпін бермек.


Бөлісу