Атырау мұнай өңдеу зауытына – 80 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар Атырау мұнай өңдеу зауытына – 80 жыл

Атырау мұнай өңдеу зауытына – 80 жыл

Ертең мұнайшылардың кәсібіи мерекесі. Еліміздегі мұнай өңдеу саласының өзегі саналатын Атырау мұнай өңдеу зауытына – 80 жыл. Даңқты белеске қадам басқан ұжым мерейлі күнді жоғары деңгейде атап өтті. Салтанатты шараға өңір әкімі Серік Шәпкенов, Мәжіліс депутаттары, «ҚазМұнайГаз» басшысы Асхат Хасенов, министрліктердің өкілдері мен зауыт ардагерлері қатысты. Кеш барысында салаға еңбегі сіңген майталман мамандарға бірқатар наградалар мен алғыс хаттар табысталды.


80 жыл. Бұл - даңқ жолы. Мыңдаған адамның ерен еңбегі мен табандылығының жарқын шежіресі. Осы жылдар аралығында Атырау мұнай өңдеу зауыты жоғары өндірістік жетістіктерді бағындырды. Былтыр кәсіпорын өз тарихында тұңғыш рет 5,5 млн тонна мұнай өңдеп, қазынаға 155 млрд теңге аударды. Сөйтіп, еліміздегі ең ірі 15 салық төлеушінің қатарына кірді.


Асхат Хасенов, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы:


Ұлттық кадрлар шоғырын дайындайтын өндірістік мектепте 80 жыл ішінде мыңдаған майталман мұнай өңдеуші тәрбиеленді. 1945 жылдан бері зауыт елдің ішкі нарығын сапалы өніммен қамтамасыз ете отырып, ұлттық экономиканың берік тірегіне айналды.


Зауыт еліміздегі мұнай өнімдеріне деген сұраныстың үштен бірін қамтамасыз етіп отыр. Ендігі жоспар мұнайды қайта өңдеу көрсеткішін жылына 6,1 млн тоннаға жеткізу.


Қуаныш Бишімов «АМӨЗ» ЖШС бас директоры:


АМӨЗ 80 жылдығы айтып отырмыз ғой, даңқ жолы. Бұл жолда әрине қиыншылықтар да болды, жеңістер де болды. Зауыттың алдында үлкен-үлкен мақсаттар бар. Жобалар да бар. Кәміл сенем, оның бәрін абыроймен орындаймыз деп.


Салтанатты шара барысында зауыттың 30 маманы «Мұнайгаз - химия саласына қосқан үлесі үшін», «Еңбек ардагері», сондай-ақ «Мұнайгаз саласының еңбек сіңірген қызметкері» төсбелгілерімен марапатталды.


Марат Жұмағалиев, «АМӨЗ» ЖШС жылу электр орталығының жұмысшысы:


Зауыт басшыларына рақмет. Денсаулық болса, әлі де еңбек етеміз. Қазақстанның мұнай саласы бүкіл әлемдік мұнай саласының жетістіктеріне жете берсін.


Жиынға қатысушылар назарына жасанды интеллекттің көмегімен дайындалған, зауыттың тарихына негізделген «Даңқ жолы» атты деректі фильм мен фото көрме ұсынылды.


 



Бөлісу