Тіл - татулық тірегі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар Тіл - татулық тірегі

Тіл - татулық тірегі

Бүгін - Қазақстан халқы тілдері күні. Еліміздегі түрлі ұлт пен этнос өкілдері мемлекеттік тілді кеңінен насихаттап ерекше атап өтуде. Әсіресе, Сыр өңірінде қазақ тілін жетік меңгерген өзге ұлт өкілдері көп. Олар бұл атаулы күнді татулықтың тірегіне балап, айрықша құрметпен қарайды.

Наталья Мишукова өңірдегі түрлі қоғамдық-мәдени шараларға белсенді қатысады. Іскер әйелдің ұлы бөлек болса да туған жерге, қазақ тіліне деген сүйіспеншілігі өзгелерге үлгі. Наталья ұлы ақын Абайдың қара сөздері мен өлеңдерін сүйіп оқиды.

Наталья Мишукова, «Қазақстандағы орыс қауымдастығы» ҚҚ Қызылорда облыстық филиалының төрайымы:

Қазақ тілін үйрену қиын емес. Шын ниет болса, тілді меңгеруге әбден болады. Тек бір тілді ғана емес, бірнеше тілді білу – әр адамның алдынан жаңа мүмкіндіктер ашатын қадам. Барша қазақстандықтарды Тілдер мерекесімен шын жүректен құттықтаймын.

Ал Ассамблея жастарының белсендісі Юлиана Ким болашақта бастауыш сыныбының мұғалімі болмақ. Бүгінде қаладағы мектептердің бірінде тағылымдамадан өтіп, тәжірибе жинақтап жүр. Жалынды жас бірнеше тілде еркін сөйлейді. Десе де қаршадай кәріс қызының бойынан қазақы болмыс, туған жерге деген қалтқысыз махаббат айрықша сезіледі.

Юлиана Ким, Корей этно-мәдени бірлестігінің мүшесі:

Мен мектепте орыс тілінен сабақ беремін, бірақ қазақша да сөйлей аламын. Себебі достарымның көбі қазақ. Балалармен жұмыс істеген өзіме қатты ұнайды.

Жалпы өңірде 35 этнос өкілі бар, 11 этно-мәдени бірлестік жұмыс істейді. Тілдер күніне орай «Достық үйінде» мерекелік шара ұйымдастырылып, мемлекеттік тілдің мәртебесі асқақтай түсті.

Бөлісу