Биыл 30 келіден астам синтетикалық есірткі тәркіленді
Биыл заңсыз есірткі айналымына қатысты 400-ге жуық қылмыстық іс тіркеліп, 30 келіден астам синтетикалық есірткі тәркіленді. «Әсіресе жастарды есірткіге тарту өршіп тұр», - дейді полиция қызметкерлері. Сондықтан мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында, әскери бөлімдерде есірткіге қарсы профилактикалық жұмыстар күшейіп келеді. Мәселен, бүгін Астанадағы Ұлттық ұлан 6636 әскери бөлімінде «Астана – есірткісіз қала» атты ауқымды спорттық шара ұйымдастырылды. Әскери қызметшілер эстафеталар мен командалық жарыстарға қатысып, салауатты өмірді насихаттады. Ал кинолог мамандар иттердің синтетикалық есірткіні қалай іздеп табатынын көрсетіп, шеберлік сабағын өткізді.
Әлия Қибатқызы, қалалық ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға уәкілі, полиция подполковнигі:
Мемлекет басшысы осы нашақорлықтың алдын алу бойынша және есірткімен күрес бойынша бізге мақсатты жұмыстар қойып отыр алдымызға. Осы проблемаға барлық аудиторияны, халықтың әртүрлі санаттарының назарын аударуға тырысамыз. Қазір мына барлық шара біткеннен кейін өзіміз дәріс өткіземіз де, барлығын түсіндіруге тырысамыз.
Шараға мәслихат депутаттары, спортшылар, әртістер және миллиондаған оқырманы бар блогерлер қатысты. Себебі олардың бәрі де қалалық Полиция департаменті жанындағы нашақорлықтың алдын алу кеңесінің мүшелері. «Көпке танымал адамдар арқылы жастарға ой салу – негізгі мақсатымыз», - дейді ұйымдастырушылар.
Нұрдәулет Шертім, актер:
Менің де бала-шағам бар. Бала-шағамның денсаулығы мықты, білімді, ақылды болып өскенін мен де қалаймын. Жалғыз мен емес, бүкіл ата-ана соны қалайды деп ойлаймын. Мақсатымыз – осы Қазақстанда, тек Астана қаласы емес, өсіп жатқан өзіміздің жастарымызды осы есірткісіз, сондай ұлт болғымыз келеді. Соған атсалысып жатырмыз.
Нұргелді Кердеш, блогер:
Естіп жатырмыз, 13-14 жастағы балалар ұсталып жатыр. Әлі жап-жас. Қазір көбі жеңіл ақша тапқысы келеді ғой, сонымен қателеседі. Жеңіл ақша еш жерде жоқ. Жастар таза еңбекпен, қазір мүмкіндік көп, мұндай затқа мүлдем жоламаңдар. Тек қана спорт, дисциплина.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
