Енді ЖИ қазақ тілінде мүдірмей сөйлейтін болады
Енді жасанды интеллект қазақ тілінде мүдірмей сөйлейді. Жуырда «Әлем LLM» деп аталатын жаңа тілдік модель қолданысқа енеді. Бұл туралы «Қазақ тілі – ғылым мен технология тілі» конференциясында айтылды. Қазір көпшілік пайдаланып жүрген GPT секілді чат боттар қазақ тілінде тұшымды жауап бере алмайды. Өйткені екеуінде де ағылшын тіліндегі ақпарат басым. Яғни жауаптар әуелі ағылшынша дайындалады, сосын қазақ тілінің грамматикасы мен лексикасына мән берілмей аударылады. Ал «Әлем LLM»-де ана тіліміздегі 6 миллиардтан астам термин бар. Өзіміздің тілдік модель іске қосылғаннан кейін отандық ІТ-мамандар цифрлық технология жасау үшін шетелдік бағдарламаларға тәуелді болмайды. Мемлекеттік порталдарда, құқық саласындағы сайттарда жазылған ақпарат қабылдауға оңай, түсінікті болады.
Айта кетсек, қазір мұндай тілдік модель технология тілін әбден меңгерген АҚШ, Қытай, Жапония және тағы 10 шақты елде ғана бар.
Саясат Нұрбек, Ғылым және жоғары білім министрі:
Тілдің болашағы цифрландыруға тікелей байланысты. Яғни кез келген тіл тірі қаламын десе, цифрлық форматқа бейімделу керек. Сондықтан, еліміздің ең мықты тілдік институттар бірігіп, бүкіл ғалымдардың басын қосып, соның негізінде алғашқы тілдік модельді жасап шықтық.
Бұдан бөлек, конференция аясында «Ұлттық диктант» республикалық жобасының ашылу рәсімі өтті. Енді кез келген азамат til.kz сайты арқылы онлайн диктант жазып, грамматиканы қаншалықты білетінін тексере алады. Жобаның мақсаты – қазақ тілінде сауатты жазуды насихаттап, ұлттық бірегейлікті нығайту.
Айта кетсек, бұл іс-шара Қазақстан халқы тілдері күні мен ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 153 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр.
Рауан Кенжеханұлы, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы:
Жазудың сапасы түсіп бара жатыр. Тыныс белгілеріне, жұрнақ, жалғауға көп назар аудара бермейміз. Бұл тек қазақ тілінде емес, көп тілдерде орын алып отырған жағдай. Сауатты жазайық. Сауаттылық – тілдің көркі.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
