Ел құрамасы Әлем чемпионатына іріктеу кезеңіндегі төртінші ойынын өткізді
Кеше футболдан ел құрамасы Әлем чемпионатына іріктеу кезеңіндегі төртінші ойынын өткізді. Өкінішке қарай, Уэльстен өз алаңымызда 0:1 есебімен жеңілдік. Кешегі «Қайраттың» жеңісінің әсері жанкүйерлердің бойынан әлі тарқай қойған жоқ. Сондықтан іркес-тіркес ұлттық құрамадан да жақсы нәтиже күткеніміз рас. Дегенмен ойсұрата ұтылмасақ та, ойландыратындай ойын болды. Уэльс - азулы қарсылас. Кешегі желаяқ Гарет Бэйл мен Арсеналда атой салған Аарон Рэмздің елі. Бас бапкерлерінің өзі кезінде Ливерпуль, Манчестер Сити сияқты топ клубтарда топ жарып ойнаған спортшы еді.
Қазақстанға келген құраманың 6 ойыншысы ағылшын премьер лигасында жүр. Бір ғана Джонсонды «Тотенхем» 55 млн еуроға сатып алған еді. Бірақ Уэльстің бірде-бір ойыншысы қазір чемпиондар лигасында доп теуіп жүрген жоқ. Бізде болса, шабуылдағы Сатпаевтан бастап, қақпағы Анарбековке дейін плей-оффқа өткенін білесіз.
Уэльс ойын басынан қос қанаттан қысып, шабуылды ширатты. Біздікілер де жауап қайтарып отырды. Бірақ 25-Темірлан күзеткен қақпаға тура соққы жасалды. Анарбеков біреуін қайтарса да, екінші рет тепкен уэльстік Киффер Мур гол салды.
Міне, екінші тайм басталды. Өкінішке қарай, біздің құрама 0:1 есебімен жеңіліп жатыр. Бірақ әлі алдыда 45 минут бар. Жанкүйер 12-ойыншы дейді. Міне, біздің жанкүйерлер барынша қолдап, ұлттық құраманың жеңіске жетеріне сенімді. Сенім – сағат тіліне еріп, сөгіле бастады. Шабуыл бар, гол жоқ. Ғалымжан Кенжебекте бірнеше мүмкіндік болды. Бірақ сәттілік жетпеді. Сол сәттілік Серікжанған да серік болмады. Айып добын шебер тепті. Дегенмен қақпаның маңдайшасына тиді. Астана-Арена стадионына 28 мыңнан астам адам жиналыпты. Оның 1 200-ден астамы Уэльстен келген. Бір қызығары бәрі де бірдей киінген. Трибунаның бір бұрышы қып-қызыл, қалғаны бөлігі ала-құла... 0:1 есебімен жеңілдік. Бірақ биылғы чемпионаттан болмаса да, басқасына үмітпен қарауға болады. Себебі біздің құрамада, біздің футболда буын ауысып жатыр. Сатпаев 17-ге енді келсе, Анарбеков - 21, Кенжебек - 22, Самородов пен Қасболаттар 23 жаста. Біздің жеңісті күндер алда. Ал ұлттық құрама енді 7 қыркүйекте сырт алаңда Бельгиямен кездеседі.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
