Жыл соңына дейін 4 мемлекеттік қызмет автоматтандырылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар Жыл соңына дейін 4 мемлекеттік қызмет автоматтандырылады

Жыл соңына дейін 4 мемлекеттік қызмет автоматтандырылады

Қазір мемлекеттік қызметтердің 92%-ын онлайн алуға болады. Бұл туралы Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі хабарлады. Мәселен, автосалоннан алғашқы көлікті тіркеу, тұрғылықты жерге тіркелу, жер учаскесінің сәйкестендіру құжатын алу қызметі де электрондық жүйеге көшеді. Бұл уақытты ұтымды пайдаланып, құжат жинау ісін азайтады, дейді жауапты министрлік. 

Алматылық Айбар Тоқан бір күн бұрын көлігін сатуға қойыпты. Темір тұлпардың жаңа иесі табылған соң мобильді қосымша арқылы сатып алу-сату шартын рәсімдеген. Екі күн бұрын іске қосылған жаңа қызметті қолдану өте ыңғайлы, дейді Айбар.

Айбар Тоқан, Қала тұрғыны:

Ескі құжаттарды әкеліп, өткізіп отырмын. Бұрынғыдай ЦОН-ға келіп, бір күнімізді құртып жатқан жоқпыз.

Тағы бір цифрлық шешім екі ай бұрын eGov Mobile қосымшасы арқылы полицияға шағымдану қызметі іске қосылды. Яғни, енді азаматтар құқық бұзушылық болған кезде тәртіп сақшыларына жедел хабарлай алады. Жаңа жүйе арқылы 11 мыңнан аса өтініш тіркелген.

Бақытбек Ерболұлы, №1 мамандандырылған хқко басшысы:

Барлық жүйе автоматтандырылғандықтан, уақытты үнемдеуге және жалған ақпарат енгізбеуге мүмкіндік береді. Қосымша азаматтардың уақытын тиімді пайдаланып, күнделікті өмірін жеңілдетуге арналған.

Елімізде цифрландыру жүйесі кең ауқымда дамып келеді, дейді қауымдастырылған профессор Асылбек Исахов. Маман осы үдерістің әрі қарай табысты болуы үшін киберқауіпсіздікті күшейту керек, деп есептейді.

Асылбек Исахов, «Компьютерлік ғылымдар және информатика» бағыты бойынша қауымдастырылған профессор:

Басқа мемлекеттердің мамандары да біздің жүйеге таңырқап жатады. Дегенмен цифрлық кеңістікте қауіпсіздікті естен шығармауымыз қажет. Бұл мәселені шешу үшін технологияны дамытуымыз керек. Қазіргі таңда қарқынды дамып келе жатқан елдердің бірі – Қытай. Олардың жаңа технологиялық жетістіктерін өз тәжірибемізге енгізуге болады.

Ал екі ай бұрын eGov.AI көмекшісі іске қосылды. Қосымша арқылы азаматтар халыққа қызмет көрсету орталығына бармай-ақ, мемлекеттік қызметтер бойынша бағдар ала алады. Небәрі екі айда 83 мыңнан астам өтініш өңделіпті. Ал жыл соңына дейін тағы да халыққа қажетті 4 қызмет электронды нұсқаға көшеді, дейді жауапты министрлік.

Айдана Қуантхан


Бөлісу