«Жәния Әубәкірова және жұлдыздар». Осындай атпен танымал пианист, Қазақстанның Халық әртісі Жәния Әубәкірова шығармашылығының 30 жылдығына орай Парижде концерт қойды. Концертте Еуропада білім алып, елдің абыройын шетелде асқақтатып жүрген қазақстандық музыканттар да өнер көрсетті. Шараны еліміздің Франциядағы елшілігі «Франциядағы Қазақстан күзі» әлеуметтік-мәдени жоба аясында ұйымдастырды.
Жәния Әубәкірова киелі сахнада жүрген 30 жыл ішінде Францияда талай мәрте өнер көрсеткен. Бірақ, Парижде концерт бермегеніне 5 жыл болған. Виртуозды музыкантты көруге француздардың асыққаны сонша, Корто залында ине шаншар жер болмады. Талғамы биік көрерменге маэстро да ерекше бағдарлама ұсынды.
Жәния Әубәкірова, ҚР Халық әртісі:
- Мен жыл сайын, ай сайын, күн сайын ізденіп жүремін. Жаңа бағдарламаны, жаңа шығарманы үйреніп жүремін. Осы бағдарламаны жақсы көремін. Өйткені, бұл камералық музыка.
Француздарға жас таланттарды таныстыру үшін Ж.Әубәкірова украиндық аккордеоншы Роман Юсипей мен қазақстандық скрипкашы Ержан Құлыбаев пен виоленчельші Сәния Дүркееваны шақырған.
Сәния Дүркеева, Цюрих өнер университетінің мастері:
- Бізді Еуропадағы жас таланттарды бірге жинап, осы керемет залда ойнауға мүмкіншілік жасағанына өте қуаныштымын. Мен үшін Жәния Яхияқызы үлкен тұлға. Ұстаз ретінде біз одан көп нәрсені үйренуіміз керек.
Ұстаз бен шәкірттері бірігіп әлемдік классика алыптары Бах, Шопен, Шнитке мен Шуберттің ең күрделі туындыларын көпшілікке ұсынды. Музыканттардың әрбір шығарманы бар жан-тәнімен сезініп, беріле ойнағанына француз жұрты тәнті болды.
Альбер Фишлер, Францияның қоғам қайраткері, профессор:
- Француз тыңдарманы өте талғампаз. Бірақ, сол талғампаз көрермен Парижде Бахтың хоралын ешқашан пианино мен аккордеонның бірігіп сүйемелдеуінде тыңдап көрмеп еді. Соған куә болды. Жәния Әубәкірованың осындай жас таланттармен бірге өнер көрсетуі үлкен құрметке лайық.
Марк Де Дюльмен, Париж қаласының тұрғыны:
- Бұл керемет кеш. Аккордеоншы да, виолончельші де, бәрі бірінен-бірі өткен мықты музыканттар. Себебі, мұндай әлемгі әйгілі шығармаларды бірнеше аспаппен ілесіп ойнау оңай емес.
Музыканттар француз композиторлары Равель мен Франктың туындыларын да құйқылжыта орындап, көпшіліктің таңдайын қақтырды. Екі сағаттық концерттен рухани азық алған көрермен таланттарды қайта-қайта «биске» шақырып, қошеметті жаудырды. «Жәния Әубәкірова және жұлдыздар» концерті енді Австрия, Германия мен Польшада жалғасады.
Нұрсұлу ҚАСЫМ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.