Елімізде мопедтерді тіркеу туралы заң күшіне енгелі бері 10 мыңнан аса жүргізуші жауапқа тартылды. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, мопедтердің қатысуымен 534 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 1700 көлік айып тұрағына қойылған. Жаңа ереже енгізілгелі бері не өзгерді? Келесі материалда.
Алматылық Шерхан Ақназарұлы екі жылдан бері мопед жүргізіп, нәпақасын тауып жүр. Жеткізу қызметінде жұмыс істейтін ол заң өзгергелі бері жолдағы тәртіп күшейгенін айтады.
Шерхан Ақназарұлы, мопед жүргізушісі:
Айыппұл келіп жатыр. Камералар түсіреді. Бір жағынан пайдасы да болды. Жас балалар көп айдайтын еді. Жол-көлік оқиғасы азайды. Кептелісте тұрамыз. Автобус жолағын баса алмаймыз.
Заң қабылданғалы шлем кимеу, арнайы жолақпен жүру, көлік нөмірін тақпау сынды заңбұзушылықтар жиі тіркеледі. Өзгеріс тұрғындардың көңілінен шыққан.
Полицияның айтуынша, мопед жүргізушілеріне қойылатын талаптар нақты белгіленген. Ережеге сәйкес, әр жүргізуші көлік құралын тіркеуден өткізіп, қажетті құжаттарды рәсімдеуі тиіс.
Арай Төлегенқызы, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің аға инспекторы:
Тіркелу үшін тұрғылықты жері бойынша арнайы ХҚКО құжаттармен жүгіну қажет. Яғни жеке куәлікпен, мопедтің техникалық құжатымен немесе сипаттамаларымен. Осыдан кейін өтінішті толтырып, мопедті тексерістен өткізіп, қажетті мемлекеттік БАЖ-дарды төлеңіз.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, бүгінде елімізде 50 мыңға жуық мопед ресми тіркеуден өткен. Алайда бейресми деректер бойынша олардың нақты саны 80 мыңнан асады.
Қуан Нұрақын
