Газа оқушылары сабақты шатырларда бастады
Газа секторының ең ірі қаласы Газада жаңа оқу жылы палаткаларда басталды. Себебі басқа мүмкіндік қалмаған. Біріккен Ұлттар Ұйымының шілдеде жариялаған баяндамасына жүгінсек, палестикалық анклавта білім беру мекемелерінің 97 пайызы зақымданған. Ал Палестина денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, Газа секторындағы 307 мектептің 293-і толықтай немесе жартылай қираған. Израиль үкіметінің мәлімдеуінше, «хамастықтар» мен өзге қарулы топтар бейбіт халықты тірі қалқанға айналдырып, мектеп сияқты азаматтық нысандарды жасырынуға пайдаланып жүр. Мұны жоққа шығарған «Хамас» пен жергілікті тұрғындардың айтуынша, Израиль әскери соққыларды таңдаусыз жасайды. Газадағы соғыс 2023 жылы қазанның 7-де Израильдің оңтүстігінде 1200 адам өлтіріліп, 251-і кепілге алынғаннан кейін басталды. Содан бері Израиль армиясының әуе және құрлықтық операцияларынан Газада 63 мыңнан астам адам қаза тапқан. Олардың көбі – әйелдер мен балалар.
Арыстан Рысбек
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
