Президент Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту мәселесін көтерді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту мәселесін көтерді

02.09.2025

Мемлекет басшысы қазақ-қытай іскерлік кеңесінен кейін бірқатар белді компания басшыларын жеке-жеке қабылдады. Ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективасы жөнінде пікір алмасты.

Мемлекет басшысы алдымен China National Petroleum Coprporation директорлар кеңесінің төрағасы Дай Хоулянды қабылдады. Компания Қазақстанның мұнай-газ саласындағы бұрыннан келе жатқан стратегиялық серіктесі. Президент жылдық қуаты 12 миллион тоннаға дейін жететін Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту өзекті екенін айтты. Сондай-ақ газ химиясы өндірісін дамыту перспективасына тоқталды. Бұдан бөлек, Ақтөбе облысындағы карбамид зауытының құрылысы жөнінде пікір алмасты.

Президент Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің президентімен кездесті

2 миллиард доллардан астам қаржы. Бүгінде Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі еліміздегі стратегиялық мәнге ие жобалардың бірқатарына осынша қаржы құйды. Соның ішінде Жамбыл облысындағы ірі жел электр стансасы, Жезқазған–Қарағанды автокөлік жолы, Көкшетау қаласындағы көпсалалы аурухана құрылысы бар. Бұл жайында Мемлекет басшысы Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің президенті Цзинь Лицюнмен кездесуінде белгілі болды. Тараптар ынтымақтастықты дамыту перспективасы жөнінде пікір алмасты.

Президент Huawei компаниясының өкілін қабылдады

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Huawei Technologies компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Хуа Лянді қабылдады. Президент «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен Huawei компаниясы арасында Инновациялық телекоммуникация технологияларын енгізу және сервер инфрақұрылымын жаңғырту туралы стратегиялық келісімге қол қойылуын құптады.

«Жасыл» энергетика, машина жасау салаларында бірлескен жобаларды іске асыру талқыланды

Мұнан соң Мемлекет басшысы Sany Group корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы Сян Вэньбоны қабылдады. Әңгімелесу барысында «жасыл» энергетика, машина жасау салаларында бірлескен жобаларды іске асыру, сондай-ақ ғылыми-зерттеу жұмыстары және инновациялық технологиялар бойынша серіктестік орнату мәселелері талқыланды. Сян Вэньбо қытайлық корпорацияның Қазақстандағы жұмыс жоспарын таныстырды. Атап айтқанда, Sany Group компаниясы қуаттылығы 1 ГВт болатын жел электр стансасын салып жатыр.

Президент China Energy Engineering Group компаниясының бас директорымен кездесті

Мемлекет басшысы Бейжіңде China Energy Engineering Group компаниясының бас директоры Ни Чжэнмен кездесті. Energy China компаниясы Қазақстанның солтүстігі мен оңтүстігін жалғайтын тұрақты электр желілерінің құрылысын жүргізуге ниет танытып отыр. Сондай-ақ жаңартылатын энергетика жобаларын іске асыру мүмкіндігін қарастырады.

Президент Қытай ұлттық ядролық өнеркәсіп корпорациясының бас директорын қабылдады

Президент Қытай ұлттық ядролық өнеркәсіп корпорациясының бас директоры Шэнь Яньфэнді қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаев Шэнь Яньфэнді Қытай атом өнеркәсібіне 70 жыл толуымен құттықтап, бұл мерейлі меже аталған саладағы диалогты одан әрі нығайтуға жол ашатынын атап өтті. Мемлекет басшысы Төраға Си Цзиньпинмен жүргізген келіссөз барысында атом индустриясындағы ынтымақтастыққа айрықша мән беріліп, маңызды уағдаластықтарға қол жеткізілгенін айтты. Президент тәжірибесі мол әрі технологиясы озық компаниясымен бірлескен жобалар, соның ішінде еліміздегі екінші атом электр стансасының құрылысы табысты жүзеге асырылатынына сенім білдірді.

Президент темір жол машиналарын жасайтын ірі кәсіпорынның басшылығын қабылдады

Мемлекет басшысы CRRC директорлар кеңесінің төрағасы Сунь Юнцайды қабылдады. Әңгімелесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев темір жол машиналарын жасауға маманданған әлемдегі ең ірі кәсіпорындардың бірі саналатын компаниямен ұзақ жылдар бойы жалғасып келе жатқан серіктестікті жоғары бағалады. Президент 2023 жылдың қазан айында Қытайға жасаған сапарынан кейін CRRC компаниясымен ықпалдастық жаңа деңгейге көтерілгенін атап өтті. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясына 100 магистральді және 100 маневрлі тепловоз жеткізу жөнінде мәміле жасалды. Алдағы уақытта «Қазақстан темір жолы» ҰК-сы қосымша 270 гибридті маневрлі тепловоз сатып алуды жоспарлап отыр.

Самал Қабышева

Хабарламаларға жазылу