Парламенттің IV сессиясы ресми түрде ашылды
Депутаттар жазғы демалыстан кейін жұмысқа қайта оралды. Бүгін Парламенттің төртінші сессиясы ресми түрде басталды. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Палаталардың бірлескен отырысында сегізінші сайланған Парламенттің жаңа сессиясын ашты. Ал қос палатаның депутаттары болса осы маусымда көтеретін мәселе де, атқаратын жұмыс та көп деп отыр.
Бұл жолғы алғашқы отырыс әдеттегіден өзгеше өтті. Жиын Мемлекеттік әнұранмен басталып, небәрі бес минуттың ішінде аяқталды. Президент шетелдік сапарда болғандықтан, Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов жаңа сессияның жұмысын өзі бастап берді. Ал 8 қыркүйекке қос палатаның бірлескен отырысы қайта жоспарланып отыр. Сол күні Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауын жариялайды.
Жазда Парламент қабырғасында отырыстар азайғанымен, депутаттардың жұмысы үзілмеді. Олар өңір-өңірді аралап, халықпен кездесіп, жергілікті мәселелерді тыңдап қайтты. Енді сол жинақталған түйткілдерді жаңа сессияда көтеруді көздеп отыр.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
ТОП-5 мәселе қатарында міндетті түрде МӘМС бар. Білім саласында сапа және орын тапшылығы мәселесі өзекті. Қосымша қызмет көрсететін мамандар да жалақыға байланысты көп сауал қояды. 600 мыңнан астам азамат өздерінің еңбекақысына қатысты проблемаларды көтеріп жүр. Бұған қоса, мүгедектігі бар жандардың жәрдемақысы өте төмен деңгейде қалып отыр.
Депутаттардың назарына іліккендердің ішінде әлеуметтік желі арқылы әркімді әурелегендер де бар. Заңсыз ұтыс ойындарын ұйымдастырғандарға жазаны күшейту ұсынылмақ.
Геннадий Шиповских, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Белгілі бір тұлға онлайн казиноны жарнамалағаны үшін бес рет әкімшілік айыппұл төлеген. Алайда сонша рет айыппұл төлеуге қарамастан, ол ұтыс ойындарын да, жарнамаларын да жалғастырып келеді. Демек, кей блогерлер мен танымал тұлғаларға әкімшілік жаза әсер етпейді екен. Сондықтан біздің ұсынысымыз – алдағы уақытта мұндай әрекеттерге әкімшілік емес, қылмыстық жаза тағайындау.
Ал жаз маусымындағы ең үлкен мәселе егіс науқаны, күзгі жиын-терім. Әсіресе, өнімді қайта өңдеу ісіне қолдауды күшейту қажет. Бұл – тек диқандар емес, ел экономикасы үшін де маңызды қадам.
Әли Бектаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Өйткені әлемдік нарық негізінен дайын өнімдерді талап етеді. Өкінішке қарай, бізде экспортқа жеткілікті дайын өнім шығарылмайды. Сондықтан мемлекет жеңілдетілген несиелерді көбірек беріп, қайта өңдеу кәсіпорындарын салған кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп, олардың жұмысын субсидиялауы қажет.
Қостанай облысындағы екі ауданда егіс далалары су астында жатыр. Есепте бар, егіні жоқ алқаптар өңірдегі бағаға қатты әсер етуі мүмкін деп алаңдап отыр депутаттар.
Еркін Әбіл, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Жаңа көл пайда болып, жол да, кейбір егістік алқаптар да судың астында қалды. Бұл мәселені шұғыл шешу қажет: жаңа жол салу керек пе, әлде егістік жерлерді басқа санатқа ауыстыру керек пе?
Өткен сессияда басталып, әлі қаралып жатқан немесе толықтыруды қажет ететін заңдар да бар. Сала мамандарымен, сарапшылармен талқыға салынған сұрақтар жуық арада толық шешімін таппақ.
Оңғар Алпысбайұлы
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
