Ақтөбе облысында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында бес бірдей білім ордасы ашылды. Оның төртеуі облыс орталығынан бой көтерсе, бірі Мәртөк ауданының Сарыжар елді мекенінде. Осылайша ауыл балаларының да заманауи стандарттарға сай жабдықталған оқу ғимараттарында білім алуына жол ашылды.
Бүгін Линар ерекше қуанышты. Себебі алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды. Оның үстіне 1 қыркүйек – оның туған күні. Әжесінің ақ батасын алып, білім ордасына келді. Енді ол «Келешек мектебінде» оқиды.
Линар Мыңбаев, 1-сынып оқушысы:
Мен жаңа мектепке келдім. Бүгін туған күнім, Білім күні. Әжем, анам, әкем қуанды.
Жаңа мектеп 300 орынға шақталған. Бүгін 1-сыныпқа 45 бала қабылданды. Мектепте оқушылардың ғылыми-техникалық бағытқа деген қызығушылығына ерекше көңіл бөлінеді. Әлеуметтік педагог, психолог, логопед, сенсорлық бөлмелер мен ерекше білімді қажет ететін балаларға арналған кабинеттер жұмыс істейді. Дене тәрбиесі мен салауатты өмір салтына да айрықша көңіл бөлінген.
Жақсыбек Кемал, тілші:
Мектеп Сарыжар ауылының орталығында үш гектар жерге орналасқан. Білім ордасының ауласында балалар ойын алаңы, жүгіру жолағы, хоккей корты мен футбол алаңы бар. Сала мамандарының айтуынша, бұл жерде облыстық деңгейдегі жарыстарды өткізуге болады.
Бүгін Ақтөбе қаласында да төрт «Келешек мектебі» жұмысын бастады. Оның бірі «Алтын орда» ауданында орналасқан 2000 балаға арналған білім ордасы.
Гүлжан Құлыбекова, облыстық Білім басқармасының бөлім басшысы:
Өткен оқу жылының соңында екі «Келешек мектебі» іске қосылды. Бұл - Ақтөбе қаласында. Енді жаңа оқу жылында бізде жаңа білім ордалары алты бірлікпен толығатын болды. Сонымен он төрт білім беру ұйымының қалғаны оқу жылының соңына дейін және осы жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі.
Соңғы бір жылда облыста 15 630 орынға арналған 28 білім ұйымының құрылысы басталды. Оның жартысы «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында ел игілігіне беріледі.
Жақсыбек Кемал
