«Келешек мектептері» жобасы аясында 5 білім ордасы ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Келешек мектептері» жобасы аясында 5 білім ордасы ашылды

01.09.2025

Бүгін Ақтөбе облысында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында бес бірдей білім ордасы ашылды. Оның төртеуі облыс орталығынан бой көтерсе, бірі Мәртөк ауданының Сарыжар елді мекенінде. Осылайша ауыл балаларының да заманауи стандарттарға сай жабдықталған оқу ғимараттарында білім алуына жол ашылды.

Бүгін Линар ерекше қуанышты. Себебі, алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды. Оның үстіне бірінші қыркүйек - оның туған күні. Әжесінің ақ батасын алып, білім ордасына келді. Енді ол «Келешек мектебінде» оқиды.

Линар Мыңбаев, 1-сынып оқушысы:

Мен жаңа мектепке келдім. Бұл күн – әрі туған күнім, әрі білім күні. Әжем, анам мен әкем қуанды.

Жаңа мектеп 300 орынға шақталған. Бүгін бірінші сыныпқа 45 бала қабылданды. Мектепте оқушылардың ғылыми-техникалық бағытқа деген қызығушылығына ерекше көңіл бөлінеді. Әлеуметтік педагог, психолог, логопед, сенсорлық бөлмелер мен ерекше білімді қажет ететін балаларға арналған кабинеттер жұмыс істейді. Дене тәрбиесі мен салауатты өмір салтына да айрықша көңіл бөлінген.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Мектеп Сарыжар ауылының орталығында, үш гектар аумаққа орналасқан. Ауласында балалар ойын алаңы, жүгіру жолағы, хоккей корты және футбол алаңы бар. Сала мамандарының айтуынша, мұнда облыстық деңгейдегі жарыстар өткізуге мүмкіндік бар.

Бүгін Ақтөбе қаласында да төрт «Келешек мектебі» өз жұмысын бастады. Оның бірі «Алтын орда» ауданында орналасқан 2000 балаға арналған білім ордасы.

Гүлжан Құлыбекова, Облыстық білім басқармасының бөлім басшысы:

Өткен оқу жылының соңында Ақтөбе қаласында екі «Келешек мектебі» пайдалануға берілді. Жаңа оқу жылында тағы алты білім ордасы ашылады. Қалған он төрт мектеп оқу жылының соңына дейін және осы жылдың соңына дейін іске қосылады.

Соңғы бір жылда облыста 15 630 орынға арналған 28 білім ұйымының құрылысы басталды. Оның жартысы «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында ел игілігіне беріледі.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу