Бүгіннен бастап МӘМС төлемегендер де онкосринингтен тегін өте алады. Атап айтқанда, сүт безі обырын, жатыр мойны және тоқ ішектегі қатерлі ісікті енді медициналық тексеріске жарна төлемей, ерте анықтауға болады. Ол үшін өзіңіз тіркелген ауруханаға жеке куәліңігіңізді алып барсаңыз жеткілікті.
Жанерке Нұрахметова, №8 қалалық аурухананың бөлім меңгерушісі:
Көп жағдайда тұрғындар жұмыстан босатпайды, бара алмаймын деп жатады. Алайда Қазақстан Республикасының заңына сәйкес кез келген жұмыс беруші қызметкерді скринингтен өту үшін үш күндік әлеуметтік демалысқа жіберуге міндетті. Дәрігерлер мен мейіргерлер учаскелік пациенттердің толықтай скринингтен өтуін қадағалап отырады.
Елімізде жыл сайын 40 мыңнан астам адамнан қатерлі ісік анықталады. Дәрігерге дер кезінде қаралып, обырды жеңген Айнамкөз Достанованың айтуынша, онкоскринингтен ақылы түрде өту үшін кемінде 150 мың теңге керек. Көпшіліктің тексерістен өтпейтіні содан. Ал тегін қаралу мүмкіндігі біраз адамның денсаулығын жақсартып, ем алуына көмек болады, дейді ол.
Айнамкөз Достанова, қала тұрғыны:
Мен ақылы түрде тексеруден өттім. Нәтижесінде қатерлі ісіктің агрессивті түрі анықталды. Сондықтан уақытылы тексерілудің маңызы зор. Бірінші, екінші және үшінші, төртінші стадиядағы емдеу тәсілдері мүлде бөлек. Соңғы стадияда адам өліммен арпалысса, бастапқы кезеңде өмір үшін күреседі. Бұл – екі түрлі жағдай.
Скринингтің жаңа түрі енгізіледі
Бұдан бөлек, келесі жылы қаңтардан бастап 50-ден асқан ер адамдар медициналық скринингтен өтеді. Бұл жүрек ауруларын ерте анықтауға көмек береді. Айта кетсек, скринингтің арқасында былтыр 120 мың адам дертін уақытылы анықтаған.
Жанел Өтеулі
