Жаңа мектептердің 44 пайызы ауылдық жерде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жаңа мектептердің 44 пайызы ауылдық жерде

01.09.2025

Бүгін еліміздің түкпір-түкпірінде «Келешек мектептері» жобасы аясында бірнеше білім ошағы ашылды. Жаңа ғимараттардың 44 пайызы ауылдық жерде орналасқан. Сондай заманауи білім ошағы Семейдің іргесіндегі Водный кентінде ашылды. Әріптесім Ержан Жақып эфирге қосылды.

Ержан Жақып, тілші:

Бүгін Семейдегі Водный кентінде тұрғындардың талайдан күткен арманы орындалып жатыр десек болады. Өйткені бұл жерде 40 жылдан кейін қолданысқа жаңа мектеп беріліп тұр. Осыған дейін оқушылар қашықта орналасқан қала мектептерінде оқуға мәжбүр болған. Енді балалар барлық жағдай жасалған заманауи ғимаратта білім алады. Үш қабатты 600 орындық жаңа мектептің 28 оқу кабинеті. Сондай-ақ физика, химия, биология, робототехника, графика және модельдеу бөлмелері, ағаш және металл өңдеу, тігін және кулинария шеберханалары бар. Аулада футбол, волейбол, баскетбол алаңдары, жүгіру жолақтары мен спорт залы бар.

Ержан Жақып, тілші:

Жаңа мектепте 22 сынып ашылады. Білім ошағы бір ауысымда, мемлекеттік тілде білім береді. Айта кету керек, бұл – Семей қаласындағы екінші, ал Абай облысы бойынша қолданысқа берілген үшінші «Келешек мектебі». Қазір мен Түркістан облысындағы әріптесім, Айнұр Ақбаева сөз кезегін бергім келіп тұр. Оңтүстік өңірде Білім күні қанша жаңа мектеп қолданысқа берілді?

Айнұр Ақбаева, тілші: 

Иә, еліміздегі әрбір алтыншы бала дүниеге келетін өңірде мектеп көптеп салынып жатыр, осы жаңа оқу жылында облыста он білім ордасы есігін айқара ашты. Соның 8-і келешек мектебі жобасы аясында салынған. Сондай-ақ, 48 мың бала 1 сыныпқа барады. Бүгін біз Сайрам ауданындағы Ақсукент ауылының іргесінен салынған 600 орындық жаңа мектептің ашылу салтанатына қатыстық. Заманауи үлгіде жабдықталған ғимаратта Оқушылардың жайлылығы үшін бәрі бар. Айта кетейік,Түркістан облысында барлығы 29 «Келешек мектебі» салынды. Жыл соңында дейін оның 8-і ел игілігіне берілмек. Енді сөз тізгінін Қарағанды облысындағы әріптесім Жандос Бақытұлына берсем.

Жандос Бақытұлы, тілші:

Қарағанды қаласында да нөмірі 28 мектеп есігін айқара ашып, оқушыларды қарсы алуда. Сөмкелерін асынып, гүлдерін құшақтай келген оқушалардың қуанышында шек жоқ. Ұстаздар да сақадай сай. 300 балаға шақталған білім ордасы Гүлдер шағын ауданында орналасқан. Бұған дейін Ыбырай Алтынсарин атындағы үш ауысымдық мектепте оқып келген біраз бала бүгіннен бастап осында білім алмақ. Дәл қазір менің қасымда 9 сынып оқушысы Айсана Ардақтықызы тұр. Айсана, жаңа мектеппен танысып үлгердің бе? Оқу жылына дайындық қалай?

Жандос Бақытұлы, тілші:

Бұл мектептен бөлек аймақта тағы 3 жаңа білім ошағы ашылды. Алдағы уақытта тағы 5 мектеп кезең-кезеңімен қолданысқа берілмек. Ал осы оқу жылында 15 мың оқушы алғаш рет мектеп табалдырығын аттады.

Ержан Жақып, Айнұр Ақбаева, Жандос Бақытұлы


Хабарламаларға жазылу