«Цифрлық теңге» платформасына 7 қаржы ұйымы қосылды. Оның ішінде ірі банктер, «Қазпошта» және қазынашылық комитеті бар. Ұлттық банктің бастамасымен пилоттық жобаны жүзеге асыру жұмыстары 2 жыл бұрын басталған еді. Цифрлық теңгенің кәдімгі қолма-қол ақшадан айырмасы жоқ. Тек сандық форматта шығарылады.
Қазірдің өзінде Ұлттық банк цифрлық теңгені жол құрылысы, фермерлерді қолдау, салықтық әкімшілендіру және Ұлттық қор қаражаты есебінен жүзеге асқан инфрақұрылымдық жобаларға қолданды. Нәтижесінде бұл көлеңкелі экономиканы төмендетіп, қаражаттың мақсатты жұмсалуына мүмкіндік берді. Әрі әкімшілік рәсімдер жеңілдеді,- дейді Ұлттық банк өкілдері. Алдағы уақытта әлеуметтік әмиянның қолдану аясы кеңейіп, басқа да бағыттарда пайдалану жоспарланып отыр.
Асан Ахметжан, ҚР Ұлттық банктің баспасөз хатшысы:
Үкіметпен бірлесіп цифрлық теңгені жаңа бағыттарда қолдану туралы шешім қабылданды. Алдағы уақытта ол әлеуметтік әмиянмен, автокөлік алу мәмілелерімен, ірі инвестициялық жобалармен және қымбат жабдық сатып алумен байланыстырады.
Раушан Сайлауқызы
