Студенттердің оқуға құжат тапсыруы мен жатақханаларға орналасуы толықтай электронды нұсқаға көшірілді. Бұл уақытты үнемдеп, қағазбастылықтан арылуға, адами факторлардың әсерін азайтуға сеп. Мәселен, биыл жолға кететін 300 млн теңге шығын мен ҰБТ сертификатын электрондық форматқа көшіруге жұмсалатын 83 млн теңге үнемделген. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды. Сондай-ақ жол-көлік оқиғасын полиция шақырмай-ақ, «Европротокол» мобильді қосымшасы арқылы тіркеуге болады. Биыл «Европротокол» арқылы 3 136 өтініш түскен.
Дмитрий Мун, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі:
Төрт жыл ішінде 31 сала цифрландырылды. Процестерді жеңілдету мен оңтайландыру жұмыстары жалғасуда. Мәселен, орман өрттерін ерте анықтау үшін автоматтандырылған жүйе енгізіліп, 1,3 миллион гектар аумаққа 148 камера орнатылды. Соның нәтижесінде өрт қаупі азайып, шығын көлемі 15 есе қысқарды. Бұл – бір ғана мысал. Осындай оң өзгерістер әр салада жүзеге асуда.
Вице-министрдің айтуынша, мемлекеттік қызметтерді цифрландыру деңгейі жоғары болғанымен, азаматтар әлі де халыққа қызмет көрсету орталықтарына барады. Сондықтан ең көп сұранысқа ие 10 қызметке тағы да реинжиниринг жүргізіледі. Осылайша халыққа қызмет көрсету орталықтарының жүктемесі 2 есе азаймақ.
Ақниет Балтанова
