Құнды жәдігерді құрып кетуден сақтап қалды
Құнды жәдігерді құрып кетуден сақтап қалды. Қостанай облысының Денисов ауданы тұрғындары мен мұражай қызметкерлерінің іс әрекетіне осылай баға беруге болады. Покров аулындағы шаруа мал бағып жүріп қылыш ұстаған жауынгер бейнеленген балбалтасты тауып алған. Алайда, далада жата берсе мүсін бүлініп қалар немесе қолды болып кетер деп мұражай қызметкерлері мен тұрғындар бірігіп оны қауіпсіз жерге жеткізді.
Көк шыққаннан қар түскенше төрт түлігін жайлауда бағатын Сергей Стяжкин ойда-жоқта балбалтасқа тап болған. Үлкен тасты өрісте мал қайырып жүріп қалың өскен шөптің арасынан байқап қалған.
Сергей Стяжкин, шаруа:
Тас жартылай құмға көміліп жатты. Аршып қарағанда адам бейнесін байқадым. Сосын ауылдастарымды шақырып, көтеріп, тұрғызып қойдық. Кейін бұл туралы ауыл әкімі, мәдениет қызметкерлері естіп, арнайы келіп көрді.
Көп ұзамай көне жәдігер аудандық мұражайға жеткізілді. Мүсіннің басы жоқ. Сынып бөлініп қалған болуы керек. Тастағы бейнеден сол қолына қылыштың сабын, оң қолына ыдыс ұстаған ер адамның денесі анық байқалады.
Дәуренбек Әбдібек, тілші:
Балбалтас негізі тікесінен тұруы керек. Бірақ асты тегіс болмағандықтан оны жатқызып қойған. Мұражай қызметкерлерінің айтуынша мүсіннің артында да руна жазуына ұқсас белгілер бар. Алайда, оны қазір аударып көру мүмкін емес. Себебі тастың салмағы 300 келіден асады.
Балбалтас қазір 13 жылдық тарихы бар аудандық мұражайдағы ең құнды жәдігерге айналды. Оны талапқа сай тікесінен тұрғызып қою үшін арнайы тұғыр жасауға тапсырыс берілген.
Наталья Таран, Денисов аудандық мұражайының директоры:
Мүсінді жан-жақы зерттеу алдағы күндердің еншісінде. Әзірге ешқандай ғалым келген жоқ. Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының маманы тек фотосурет арқылы алғашқы болжамдарын жасады. Оның айтуынша бұл мүсін біздің дәуіріміздегі 7-8 ғасырға тиесілі.
Яғни, балбалтастың адам қолымен қашалғанына мың жылдан асқан. Покров аулының тұрғындары тас мүсін табылған аумақта ежелгі қорғанның орны бар екенін айтады. Алайда, осы уақытқа дейін онда археологиялық қазба жүргізілмеген. Жергілікті жұртты қойнауына сыр бүккен даланың құпиясын ашуға ешкімнің қызықпайтыны Һәм асықпайтыны қынжылтып отыр.
Дәуренбек ӘБДІБЕК
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы