«Кадзики» дауылынан су тасқыны мен лай көшкіні жүрді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Кадзики» дауылынан су тасқыны мен лай көшкіні жүрді

28.08.2025

Вьетнам, Таиланд елдері «Кадзики» дауылынан айыға алмай отыр. Бірнеше адам қаза тапқан. Ауа райын бақылаушылар жаңбыр алдағы күндері де тоқтамастан жаууы мүмкін екенін ескертеді. Ал Үндістанда дамылсыз жауған нөсерден өзендер арнасынан тасып, 36 адам қаза тапты.

Вьетнамда «Кадзики» дауылынан 7 адам қаза тапты. Сұрапыл тайфун кезінде су тасқыны мен лай көшкіні жүрген. 10 мыңнан астам үй мен өзге де ғимаратқа зақым келді. 86 гектар күріш алқабы шайылған. Хатинь және Нгеан провинцияларында 1 млн 600 мың тұрғын электр жарығынсыз қалды. Ел астанасы Ханойда жауын тоқтамай жауып, көшелер өзенге айналған. Ауа райы болжамына сай, елдің солтүстік провинцияларында нөсер жауын тоқтамай, тағы су тасқыны болуы мүмкін.

Тхи Тху Ха, жергілікті тұрғын:

Дүлей дауылға барынша дайындалған едік. Алайда бәрі бекер болып шықты. Дауылдың күшті болғаны соншалық, 2 немесе 3 жүз млн донг шығынға баттық.

«Кадзики» Таиландқа да ойран салды. Лай көшкінінен 2 адам қаза тауып, 13 адам жараланған. Табиғи апат кезінде тағы бірнеше тұрғын жоғалып кетті. Үздіксіз нөсерден елдің 8 провинциясында су тасқыны мен лай көшкіні жүрген. 180 үйге зақым келді. Оқиға орнында құтқарушылар жұмыс істеп жатыр. Тұрғындарға дамылсыз жауын әлі де жаууы мүмкін екені ескертілді.

Ал Гималайда соңғы тәулікте нөсер жауын жауып, 36 адам қаза тапты. Көбі - Джамму мен Кашмир штатының тұрғындары. Өзен арнасынан тасыған. Өңірге тамыздың 23-нен бері 600 мм-ден астам жауын жауған. Бұл қалыпты мөлшерден 726 пайыз көп. Мұндай жауын 1950 жылдан бері болмаған. Билік су шайып кетпеуі үшін ірі бөгеттерді ашуға мәжбүр. Одан көршілес Пәкістанға су тасқыны қаупі төнді.

Арай Төлегенқызы


Хабарламаларға жазылу