Қазақстандық компания Иордания уран орындарын барлау және өндіру жұмыстарымен айналысады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандық компания Иордания уран орындарын барлау және өндіру жұмыстарымен айналысады

27.08.2025

Қазақстандық компания Иордания уран орындарын барлау және өндіру жұмыстарымен айналысады. Иордания Королінің ресми сапары кезінде атом энергетикасы бағытында осындай келісім жасалды. Жоғары деңгейдегі келіссөздер кезінде цифрлық даму, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы және басқа да салалар бойынша уағдаластыққа қол жеткізілді. 

Ақордада елімізге ресми сапармен келген Иордания Хашимит Королдігінің Королі ІІ Абдалла бен әл-Хусейнді ерекше құрметпен қарсы алды.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылдың ақпан айында ғана Иорданияға сапарлаған еді. Ол кезде екі елдің ынтымақтастығын арттыруға бағытталған оннан аса құжатқа қол қойылды. Міне, араға алты ай салып, Хашимит Королі біздің елімізге келді. Бұл екі елдің арасындағы саяси экономикалық байланыстың дамуын ғана емес мәдениет пен өркениеттің жақындасуын, жалпы достық қарым-қатынастың дамып келе жатқанын көрсетеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Король ІІ Абдалла бір-біріне делегация мүшелерін таныстырған соң екі елдің мемлекеттік әнұрандары орындалды. Мұнан соң Қазақстанның туына құрмет көрсетіп, келіссөздер залына өтті. Қазақстан Президенті Астанаға шақыруын қабыл алғаны үшін Корольге алғыс айтып, жыл басында Амманға жасаған сапарын ықыласпен еске алды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Сіздің жаһандағы жағдайды жетік түсінетініңізге өте ризамын. Бүгін де пікір алмасуды жалғастыруға мүмкіндігіміз мол. Иордания мен Қазақстан арасындағы екіжақты ынтымақтастық табысты дамып келеді. Дегенмен тиісті деңгейде талқылауды қажет ететін мәселелер де жоқ емес.

ІІ Абдалла екіжақты қарым-қатынасты одан әрі нығайтудың маңызын атап өтіп, сауда-экономикалық ынтымақтастықты арттыруға дайын екенін растады.

ІІ Абдалла бен Әл-Хусейн, Иордания Хашимит Королдігінің Королі:

Жоғары мәртебелі, қымбатты бауырым, жылы сөзіңізге және құрмет көрсетіп қабылдағаныңызға алғыс айтамын. Қазақстан маған өте жақын. Менің бүгінгі сапарым Қазақстан мен Иордания арасындағы берік достыққа құрылған тарихтың жаңа парағын ашатынына сенімдімін.

Ал кеңейтілген құраммен өткен келіссөздер кезінде екі ел үшін де маңызды мәселелер талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Амманға сапары кезінде арадағы тауар айналымын 500 млн долларға дейін ұлғайтуға уағдаласқан. Соны орындау мақсатында Қазақстан Иорданияға жалпы құны 250 млн доллар болатын 60 өнім түрін экспорттауға дайын деді Президент.

Ерлан Ақкенженов, ҚР Энергетика министрі:

Біздің ұсына алатын тауарларымыз әрине бар. Мәселен, қазір Иордания Корольдігі Қазақстан мұнайын сатып алу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Алдағы уақытта біз бұл мәселені пысықтаймыз.

Ал «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясы мен Иордания уран өндіруші компаниясы атом өнеркәсібін дамыту саласында бірлесе жұмыс істемекші.

Нұрлан Жақыпов, «Самұрық Қазына» АҚ басқарма төрағасы:

Бұл келісімге сәйкес 2026 жылдың аяғына дейін «Қазатомпром»  JUMCO-мен бірге кәсіпорын құрайтын болады. «Қазатомпромның»  үлесі 70 пайыз болады. JUMCO-ның үлесі 30 пайыз болады. Бірлескен кәсіпорын Иорданияда уранмен айналысады.

Сонымен қатар тараптар көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, туризм, цифрландыру және басқа да салалардағы ықпалдастық деңгейін арттыру жолдарын талқылады. Мемлекет басшысы Қазақстанның Иорданиямен өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға ерекше мән беретінін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Екіжақты қарым-қатынасты дамытуға деген шынайы ниетіңізді жоғары бағалаймыз. Диалог пен ықпалдастықты басты бағдар ретінде ұстануыңыздың нәтижесінде Корольдіктің халықаралық аренадағы абырой-беделі артты. Бүгінгі сапар екіжақты қатынастарға тың серпін беріп, ынтымақтастығымыздың жаңа кезеңіне жол ашатынына сенімдімін.

Иордания тарапы медицина, фармацевтика, халал индустриясы және қорғаныс өнеркәсібі бағытындағы тәжірибесімен бөлісуге ниетті.

ІІ Абдалла бен Әл-Хусейн, Иордания Хашимит Королдігінің Королі:

Бүгінгі сапар түрлі саладағы ынтымақтастықты нығайтуға және екіжақты байланыстарды тереңдетуге тараптардың мүдделі екенін растайды. Бұған дейінгі келіссөздер қорытындысы бойынша бірқатар маңызды келісім мен меморандумға қол қойылды. Бүгінгі уағдаластықтар, сондай-ақ оны табысты іске асыру елдеріміздің арасындағы серіктестікті кеңейтуге берік негіз қалайтынына сенімдімін.

Отырыстан соң Иордания Королі ІІ Абдалла Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Иордания Хашимит Корольдігінің «Әл-Нахда» жоғары орденін тапсырды. Ал бүгін жасалған келіссөздер бойынша екі ел делегацияларының мүшелері қол қойылған үкіметаралық және коммерциялық құжаттармен алмасты.

Ресми шаралардан соң Қасым-Жомарт Тоқаев пен ІІ Абдалла бен әл-Хусейн Astana Hub халықаралық кластерін аралап, еліміздің ІТ және жасанды интеллект саласындағы жетістіктерімен танысты. Astana Hub – Орталық Азиядағы ең ірі инновациялық кластер. 1700-ден аса ІТ-компанияның өнімдеріне Иордания тарапынан қызығушылық бар.

Жаслан Мәдиев, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:

Бірнеше потенциалды жобаларымыз бар. Цифрлық даму жағынан. Бірге ақпараттық жүйелерді құру, еGov экожүйесімен бөлісу.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Иорданияда дрон өндірісі өте жақсы дамыған. Қазақстанның цифрлық даму министрлігі тек әскери ғана емес, азаматтық мақсаттағы, ауыл шаруашылығы, төтенше жағдайлар, барлау және басқа да бағыттардағы ұшқышсыз басқару аппараттарына қызығушылық танытып отыр. Яғни, болашақта Қазақстанда Иорданияның кәсіпкерлерімен бірлескен зауыт ашылуы ғажап емес.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу