UEFA чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне өту – тарих - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

UEFA чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне өту – тарих

27.08.2025

Тарихи жеңіс! Тарихи оқиға! Алматылық «Қайрат» футбол командасы алғаш рет УЕФА чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне жолдама алды. Көпшілік тағатсыздана күткен матчта жерлестеріміз ерекше ойын өрнегін көрсетті. Әсіресе қақпашы Темірлан Анарбеков жарады. 21 жастағы ойыншы жеңісті жұлып берді десек болар. Кешегі түн футбол жанкүйерлері үшін ұйқысыз өтті.

«Селтик» - Шотландияның премьер-лигасын 55 рет жеңген клуб. Оның нарықтағы құны 120 млн еуродан асады. Ал «Қайраттың» құны – 12 млн еуро. Он есе аз. «Бавариямен» тең түсіп, «Нюкаслды» ойсырата ұтып жүрген әккі команда. Осындай көрсеткіштерден кейін көпшілік «Селтик» «Қайратты» оңай жеңеді деп ойлағаны рас. Алғашқы кездесу Глазгода өтіп, тең түсті. Бұл үлкен жеңістің бастауы болды.

Алматы. Орталық стадион көрерменге лық толы. Тұтас қазақ елі «Qazsport»-пен бірге жасыл алаңдағы тартысқа алаңдап тұр. Шешуші, тарихи сәт. Бұған дейінгі матчта қақпашы Заруцкий жарақат алып, жас жұлдыз Сәтпаев сары қағаздың көптігінен осы ойыннан шеттетілген еді. Сол себепті де қобалжу бар.

«Селтик» Алматыға жеңіс үшін ғана келді. Ойын басталғаннан допқа иелік етіп, шабуылды ширата түсті. Сары-қара түсті қауым сары уайымға салынып, қара терге түсіп отыр. «Селтик» соққы жасаған сайын селт етіп, «Қайрат» шабуыл жасаса, қиқулап жатыр. Жанкүйер – 12 ойыншы. Бірінші тайм – таразы басы тең.

Екінші тайм. Жоржинио жорық жасап, Тапалов қарсыласқа тап беріп, Мартыновичтер мығым ойын көрсетуде. Бірақ уақыт секундтан-секундқа секірген сайын алаңдағы ойын қыза түсті. Әсіресе негізгі уақыттың аяқ жағында «Селтик» шабуылды төпелетті. Бірақ қақпашы Темірлан темірдей берік екен. Бірнеше сейв жасап, ойын қосымша уақытқа ұласты.

180 минут бойы бір-бірін ала алмаған командалар экстра-таймға шықты. Екеуі де сақ. Бірақ осы 30 минутта да таблодағы есеп өзгерген жоқ.

Темірлан Анарбеков пен Каспер Шмейхельдің жекпе-жегі басталды. Шмейхель 38 жастағы әккі қақпашы. Ницца, Лестер сияқты клубтарда талай пенальтиді көрген. Ал Темірлан қосалқы құрамдағы 21 жастағы қақпашы.

Темірлан бірінші соққыны қағып түсірді. Осылайша команданың және тұтас елдің рухын көтеріп, маған сеніңдер дегендей болды. Бірақ Громыко допты қақпашыдан асырып лақтырамын деп қателесті. Таразы басы қайта тең тұр. Темірлан екінші допты да қайтарды. Басымдық бізде. Міне, «Селтиктер» бесінші, соңғы соққысын жасағалы тұр. Жапониялық матч барысында да гол соға алмаған еді. Пенальтиде де сүрінді. Темірлан сүріндірді.

Александр Мартынович, «Қайрат» футбол клубының қорғаушысы:

Әзірге не болғанын толық түсіне алмай тұрмыз. Тарихты жаздық деп ойлаймын. Өзім үшін де бұл жеңіс маңызды. 38 жасымда Чемпиондар лигасына шығу деген керемет.

Рафаэль Уразбахтин, «Қайрат» футбол клубының бас бапкері:

Бұл үлкен мақтаныш. Біздің клуб, біздің ұжым үшін бұл тарихи жеңіс. Біз өте қуаныштымыз. Мұндай мүмкіндік өмірде бір рет қана берілетін шығар. Ең бастысы сену керек болды. Біз сол сенімді ақтадық.

Әр істің қайыры бар дейді. Заруцкий жарақат алғанда қап деп алаңдаған едік. Сөйтсек, Темірлан Анарбеков деген таланттың жұлдызы жанайын деп тұр екен. Ол – матчтың қаһарманы. Ол – қазақ футболының болашағы бар екенін көрсеткен талант. Темір қақпадан да берік Темірлан!

Азамат Бейбітұлы


Хабарламаларға жазылу