«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясы мен Иордания уран өндіруші компаниясы атом өнеркәсібін дамыту саласында ынтымақтаса жұмыс істемек. Иордания королі ІІ Абдаламмен жүргізілген кеңейтілген келіссөздер кезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бастаманы қолдайтынын жеткізді. Бірлескен кәсіпорын Иордания аумағында уран өндірісімен айналыспақ. Сонымен қатар тараптар тауар айналымын арттыру, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, туризм, цифрландыру салаларындағы ықпалдастық деңгейін арттыру жолдарын талқылады. Мемлекет басшысы Қазақстанның Иорданиямен өзара тиімді ынтымақты дамытуға ерекше мән беретінін жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Екіжақты қарым-қатынасты дамытуға деген шынайы ниетіңізді жоғары бағалаймыз. Диалог пен ықпалдастықты басты бағдар ретінде ұстануыңыздың нәтижесінде Корольдіктің халықаралық аренадағы абырой-беделі артты. Биыл ақпан айында Қазақстан Президенті ретінде Иордания Хашимит Корольдігіне жасаған бірінші ресми сапарымды ерекше ықыласпен еске аламын. Бүгінгі сапар екіжақты қатынастарға тың серпін беріп, ынтымақтастығымыздың жаңа кезеңіне жол ашатынына сенімдімін.
ІІ Абдалла бен Әл-Хусейн, Иордания Хашимит Корольдігінің королі:
Бүгінгі сапар түрлі саладағы ынтымақты нығайтуға және екіжақты байланыстарды тереңдетуге тараптардың мүдделі екенін растайды. Бұған дейінгі келіссөздер қорытындысы бойынша бірқатар маңызды келісім мен меморандумға қол қойылды. Бүгінгі уағдаластықтар, сондай-ақ оны табысты іске асыру елдеріміздің арасындағы серіктестікті кеңейтуге берік негіз қалайтынына сенімдімін.
Оңғар Алпысбайұлы
