Алматылық «Қайраттың» жеңісі әлемдік БАҚ назарында
Алматылық «Қайраттың» жеңісі соңғы тәулікте әлем ақпарат құралдарында басты спорт тақырыбына айналды. Халықаралық агенттіктер мен газеттер, телекомпаниялар мен радиостанциялар Қазақстанда өткен футбол матчы жайында талай материал жариялап үлгерді.
«Өткен түні Еуропа шекарасынан талай шақырым жерде Темірлан Анарбековтың есімі жер жарып, «Селтикті» масқара қылды». Британияның әйгілі «Гардиан» газеті өз мақаласын ағылшындар үшін осындай көңілсіздеу хабармен бастапты. Автордың сөзінше, қазақстандық клуб енді асқақ арманына сеніммен қадам басып барады.
Ал «Рейтер» Алматыдағы ойынның нәтижесі туралы материалын «Қайрат» «Селтикті таңқалдырды» деген тақырыппен беріпті. Халықаралық жаңалықтар агенттігінің мәліметінше, «Селтик» бұрын Еуропаның чемпионы болған, ал қазір Чемпиондар лигасына өте алмай, еліне жеңіліспен оралуға мәжбүр.
Қайраттың жеңісі «Би-би-си» телерадикорпорациясының да назарынан тыс қалмаған. Оның хабарлауынша, «Селтик» Алматының «Қайратынан» масқара болып ұтылғаннан кейін Чемпиондар лигасына кіру мүмкіндігінен айрылды. Сонымен қатар британдық тілші Брендан Роджерс командасының 210 минутта қарсыластың қақпасына бірде-бір гол соқпағанын да атап өткен және де арна сайтындағы репортажда Роджерстің «Бар күшімізді жұмсадық. Бірақ бізге жақсы әрі сапалы сәттер жетіспеді» деген сөзі де жарияланды.
Ал «Скайньюс» телекомпаниясының дерегінше, «Селтик» Қазақстанда мардымсыз ойын көрсетіп, Чемпиондар лигасынан шығып кеткеннен кейін 20 миллион фунт стерлингтен айрылайын деп отыр.
Арыстан Рысбек
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
