Астанада екі бірдей құнды кітап таныстырылды. Еңбектердің ерекшелігі - тарих қойнауындағы қазынамызды, жылнама шежіремізді бүгінгі оқырманға таныстыруында. Оның біріншісі - бұдан 700 жыл бұрын жазылған, Рашид ад-Диннің «Жамиғ ат-Тауарих» кітабы. Ұлы даладағы түркі халықтарының тарихын түгендеген еңбек, алғаш рет қазақ тілінде жарық көріп отыр. Екінші кітап – Бекболат Биболатұлының «Зикзал» деген туындысы. Оны да біздің руханиятымызға қосылған олжа деп айтуға болады. Екеуі де академиялық басылымға жатады. Мәселен, «Жамиғ-ат- Тауарихтың» өзі 16 жылда энциклопедиялық сипатта жазылған. Бүгінде бес мың данамен бес том ретінде жарыққа шықты. Ал, «Зикзал» болса, мың данамен кітапханаларға тарайтын болады. Аталмыш шығармалар келешекте қазақ тілінен өзге, түркі тілдеріне аударылмақ.
Мәулен Әшімбаев, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:
- Әлемнің біраз тілдеріне аударылған туынды халықаралық Түркі академиясының арқасында тікелей парсы тілінен ана тілімізге аударылып отыр. Бұл біздің рухани өміріміздегі үлкен оқиға. Рашид ад-Диннің «Жамиғ ат-Тауарих» кітабы рухани сананың қалыптасуына, еліміздің рухани жаңғыруына үлесін қосатынына сенеміз. Бұл еңбектің негізгі құндылығы – ғылыми сипаты.
Дархан Қыдырәлі, Халықаралық түркі академиясының президенті:
- «Жамиғат -ат Тауарих» ең бастапқыда парсы, көне шағатай тілінде жазылған болатын. Содан тікелей аударған Зәріпбай Оразбай деген парсы, араб тілдерінің маманы. Түпнұсқадан аударылғандықтан, бұл жерде біз көп сөздерді, терминдерді сол қалпында қалдырдық. Болашақта бұл біздің тарихымызға ғана емес, жер-су атауларына, ономастика мен топонимикаға да зор үлес болып қосылады деп сенеміз.
Фариза МҰСАҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.