Вашингтонда ағылшын тіліне аударылған қазақ ертегілері табылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Вашингтонда ағылшын тіліне аударылған қазақ ертегілері табылды

21.10.2023

«Stories of Steppes» немесе «Дала ертегілері». АҚШ астанасы Вашингтонда осындай атаумен жарты ғасыр бұрын басылған кітап табылды. Ерекшелігі бұл ағылшын тіліне аударылған алғашқы қазақ ертегілері болуы мүмкін. Қазақ даласында зерттеу жүргізген автордың өзі кітаптың алғы сөзінде де солай айтып кеткен, дейді туындыны қаладағы ең ірі кітапханалардың бірінен тауып алған жас зерттеуші Дүйсенәлі Әлімақын.

Дүйсенәлі Әлімақын бірер ай бұрын ғана «Болашақ» бағдарламасымен Джордж Вашингтон университетіне тағылымдамадан өтуге келген. Негізгі тақырыбы батыс саяхатшыларының қазақ даласы жайлы еңбектерін табу және зерттеу. Дала ертегілері туралы кітапты оқу орны кітапханасынан кездейсоқ тауып алады. Қазақ ертегілері кейіпкерлердің бейнесімен безендірілген мұқабасы көзіме оттай басылды, дейді. Кітаптың авторы – америкалық жазушы, зерттеуші ғалым Мэри Лоу Масей.

Дүйсенәлі Әлімақын, «Болашақ» бағдарламасы бойынша тағылымдамадан өтуші:

Осыдан 55 жыл бұрын қазақтың ертегілерін аударып, оны кітап етіп шығарып, оған қыстырма суреттер қосып шығару біріншіден автордың жауапкершілігін, екіншіден қазақ мәдениетіне деген қызығушылығын көрсетеді.

Жарты ғасыр бұрын Нью-Йорк қаласында баспадан шыққан кітапқа он тоғыз ертегі енген. «Жалғыз көзді дәу», «Салақбай мен түлкі», «Алдар көсе мен бай», Қаңбақ шал секілді қазақ халқының ауыз әдебиет үлгілерімен қатар қазіргі оқырманға белгісіз туындылар да бар, дейді зерттеуші.

Дүйсенәлі Әлімақын, «Болашақ» бағдарламасы бойынша тағылымдамадан өтуші:

Түпнұсқада сол кезде сақталып, қазір біз білмейтін ертегілер ме ол жағын зерттеу керек. Аудармасы да өте жақсы. Осындағы балалардың жас ерекшелігіне сай, өте оңай да емес қиын да емес. ертегілердің түпнұсқасын сақтап аударып шыққан.

Автор батыс оқырманына түсінікті болу үшін әр ертегіге мазмұнына сай қыстырма суреттерді шебер бере білген. Кейіпкердің образдары қазақы салтқа сай. Тіпті кейбір сөздер мен атауларды қаз қалпында ұсынады. Мәселен, «Айдаһар», «Қымыз», «Өмір зая» сөздерін аудармай жазып, ағылшынша түсініктемесін қосқан. Дүйсенәлі Әлімақын енді құнды туындыны салыстыра зерттеп, ертегі кітабын қазақ және ағылшын тіліндегі нұсқаларын қосып қайта шығармақ ойда. Бұл шетелдегі қазақ балалары үшін ана тілін ал, Қазақстандағы оқушылар үшін ағылшын тілін меңгеруде тиімді құрал боларына сенімді.

Жалғас Сәдібекұлы


Хабарламаларға жазылу