Биыл жылу желілерін жөндеуге 130 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл жылу желілерін жөндеуге 130 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді

26.08.2025

Екібастұз, Ақтау, Риддер, Кентау. Үкімет басшысы дәл осы қалалардың энергия көздерін ерекше бақылауға алуды тапсырды. Сондай-ақ Ақмола облысындағы Степногорск жылу электр орталығында резервтік қазандықты жөндеу әлі аяқталмаған. Ақтау қаласында жылу желілерін жаңғырту жұмыстарының қарқыны төмен. Премьер-министр бұл кемшіліктерге жол берген әкімдердің жұмысын сынға алды. Жоспар нашар, қатаң бақылау жоқ деп ескертті.

Әзірлік паспорты. Енді жылыту маусымы басталар кезде бұл құжаттың рөлі артпақ. Себебі онсыз жұмысты бастауға тыйым салынады. Премьер-министр осылай деп ескертті. Яғни, нысан қысқа дайын болғанымен, әзірлік паспортынсыз жұмысын бастай алмайды.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

Осы ретте энергия кәсіпорындарының жылу беру маусымына әзірлігін бағалау комиссиясының жұмысына әкімдер тікелей өздері қатысуы тиіс. Әзірлік паспорты болмай, жылыту маусымы басталатын болса, кінәлі тұлғалар жауапқа тартылады.

1 қыркүйекке дейін жылуға қосылуға дайын болуы тиіс

1 қыркүйекке дейін білім беру объектілері қысқа сақадай-сай дайын болуы керек. Апта соңына дейін өңірлерге берілетін әлеуметтік мазуттың жеткізу кестесі бекітілуі тиіс.

Биыл жылу желілерін жөндеуге 130 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді

Самал Қабышева, тілші:

Биыл жылу желілерін жөндеуге және реконструкциялауға 130 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген. Бұл бағытта 323 шақырым жылу желілеріне күрделі жөндеу және реконструкциялау жұмыстары жүргізіледі. Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Үкімет отырысында мәлімдеді.

Ерлан Ақкенженов, Қр Энергетика министрі:

Сонымен қатар барлық әкімдік қорларды қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізілмейтінін атап өткім келеді. Дегенмен қазір өңірлердің көмірді алдын ала дайындауы бойынша белсенді кезең жүріп жатыр. Сонымен, өңірлердің әкімдіктерінен қорларды ұлғайту бойынша жұмысты жалғастыруды сұраймыз. Жалпы, көмір өндіруші кәсіпорындар мен ҚТЖ жоспарларға сәйкес өңірлерге көмірдің қажетті көлемін жеткізуге дайын.

Самал Қабышева, тілші:

Жылыту маусымына дайындық жоспарға сай жүріп жатыр. Электр станцияларында 10 энергия блогына, 63 қазандық және 39 турбинаны жөндеу жоспарланған. Қазір басым бөлігінде жұмыстар аяқталған. Энергетика министрі электр желілерін жөндеу уақытылы аяқталады деп уәде берді.

Самал Қабышева

Хабарламаларға жазылу