Еуропалық сарапшылар елдегі Конституциялық реформаларды жоғары бағалауда
«Конституция - біріктіруші күш. Әлем сүйсінген қазақ еліндегі тұрақтылықтың сыры - осы Ата заңның салмақты дайындалғанының жемісі», - дейді еуропалық сарапшылар. Сырт көз сыншылар Конституцияға енгізілген соңғы өзгерістерге, елдегі құқықтық реформаларға жоғары баға беруде.
«Конституцияға үш жыл бұрын енгізілген түзетулер Қазақстанның мемлекеттік басқару моделін, саяси жүйесін түбегейлі өзгертті, дейді Еуропарламент депуттары. Олардың пайымынша, елде Конституциялық соттың құрылуы-азаматтардың құқығының сақталуына ықпал етті және құқықтық мәдениетті қалыптастырды.
Джузеппина Принчи, Еуропалық Парламенттің Орталық Азия және Моңғолиямен байланыс делегациясының жетекшісі, Еуропарламент депутаты:
Конституциялық соттың құрылуы, заң саласындағы өзгерістер және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы жаңа заңның қабылдануы – құптарлық қадам. Басқару ісінде де, демократиялық реформаларды жүргізуде де ілгерілеушілік бар. Сондықтан Қазақстанмен ынтымақтастықты арттыру біз үшін аса маңызды.
Еуропалық сарапшылардың пікірінше, «Суперпрезиденттік басқару жүйесінен ықпалды Парламенті бар Президенттік республикаға көшу, билік тармақтары арасында тепе-теңдікті сақтау - әділетті мемлекет құрудың маңызды тетігі». Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мәртебесі Ата заңмен айқындалғаны демократияны нығайтуға, заңның үстемдігін арттыруға бағытталған нық қадам, дейді шетелдік саясаткерлер.
Альберто Тюркстра, «Дипломатиялық әлем» басылымының жоба жетекшісі, Орталық Азия елдері бойынша тәуелсіз сарапшы:
Қазір Қазақстанның әрбір азаматы Конституциялық сотқа шағымдана алады. Парламенттің өкілеттігін кеңейту де – сол реформалардың ұтымды қадамының бірі. Үкімет заңсыз иемделген активтерді мемлекетке қайтарып, қаржыны мектептер мен ауруханалар салуға, халықтың игілігіне бағытталған әлеуметтік-экономикалық жобаларға жұмсауда. Бұл – еліңіздің Жаңа Қазақстанға айналғанының айқын дәлелі.
«Құқық қорғау институттарын күшейту арқылы - Қазақстан халық үніне құлақ асатын құқықтық мемлекет тұжырымдамасын сәтті жүзеге асыруда. Ата Заң - елдің экономикалық, саяси, рухани тұтастығын бекіте түсетін маңызды құжат», - дейді сарапшылар.
Нұрсұлу Қасым
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
