Сарапшы: «Қайраттың» топтық кезеңге өтуге мүмкіндігі бар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сарапшы: «Қайраттың» топтық кезеңге өтуге мүмкіндігі бар

26.08.2025

Бүгін UEFA Чемпиондар Лигасының плей-офф кезеңінде «Қайрат» пен шотландиялық «Селтик» футбол командалары өзара бақ сынасады. Ойын Алматыда өтеді. Спорт комментаторы Ерсін Еріктің пайымынша, «Қайрат» өз алаңында жақсы ойын өрнегін көрсетіп, топтық кезеңге өтуге мүмкіндігі зор. Дегенмен қарсылас «Селтик» командасы өткен ойындағы тең нәтижеден соң бұл жолы басқа тактикамен ойнауы мүмкін дейді. Ал қазақстандық клубқа шабуылшы Дастан Сәтпаев пен Эдмилсонның алаңға шықпауы аз-кем әсер етуі мүмкін. Әйткенмен олардың орнын Луиш Мата мен Рикардиньо жоқтатпауға барын салады деп отыр. Негізгі қақпашы Александр Заруцкийдің орнына шығатын Темірлан Анарбеков те қарсылас голын кіргізбеуде аянып қалмасы анық, - деді. Жалпы «Қайраттың» көздеген нәтижеге жетуіне мүмкіндік бар. Егер плей-оффта жеңіп, топтық кезеңге шықса, қазақ футболының дамуына ерекше серпін береді деп сенеді.

Ерсін Ерік, спорт комментаторы:

Шотландиядан Алматыға дейінгі жүрген жол бар және олардың ауа райына, алаңға үйренуі бар. Оның барлығы аз уақыт. Мен бұл ойыннан 2:1 деген есеп күтемін. Өйткені меніңше, «Селтик» бірінші гол соғып кететін сияқты бізге. Бірақ «Қайрат» жанкүйерлерінің қолдауының арқасында есепті теңестіріп қана қоймай жеңіс голын соғып қазақстандық жанкүйерлерді Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңінен өтіп, топтық кезеңге шығып, жалпы кезеңде ойнап қуантады деп ойлаймын.

Асылбек Данияр

Хабарламаларға жазылу