Қазақ мәдениеті Сеулде таныстырылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ мәдениеті Сеулде таныстырылады

29.10.2018

«Жаһандық әлемдегі заманауи Қазақстан мәдениеті». Ертең осындай атаумен Кореяның Сеул қаласында үш күндік форум басталады. Форум барысында ел зиялылары қазақтың бай тарихы жайлы баяндап, әлем таныған рухани һәм мәдени жауһарларымыз жайлы әңгімелейтін болады. Алғашқы шара «Қазақстанның мәдениеті мен өнері» атты фотокөрме болмақ. Онда корей жұртшылығы еліміздің өткені мен бүгініне қатысты қырыққа жуық суретті тамашалай алады. Сондай-ақ, делегация құрамындағы ақын-жазушылардың туындылары таныстырылып Корея ұлттық кітапханасына қазақ әдебиетінің классикалық шығармалары табысталады. Сеулден басталған форум әрі қарай Берлин, Лондон және Нью-Йорк қаласында жалғасады. Игі шараға Мәдениет және спорт министрлігі мұрындық болып отыр.

Алдан Смайыл, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері:

- Біз енді Оңтүстік Кореяның да мәдениетімен танысамыз. Олардың да қаламгерлерімен пікір алмасамыз. Кітаптарымызды табыстағаннан кейін корей қаламгерлерінің де шығармаларын аламыз деген ойымыз бар. Мүмкін осы форум аясында бір-біріміздің шығармаларымызды аудару жөнінен келіссөз жүргізіп қалатын шығармыз. Өйткені, корей жұртшылығының қазақ әдебиетіне деген ынтасы өте жақсы.

 

Досымжан ЕРМҰРАТ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу