Стамбулда туристерге қазақ мәдениеті таныстырылуда

30.07.2014
Стамбулда туристерге қазақ мәдениеті таныстырылуда

Стамбулда туристерге қазақ мәдениеті танытылуда. Мұнда «Түркі дүниесі» тарихи-мәдени орталығындағы қазақ мұражайы ұлтымыздың құндылықтары мен салт-дәстүрлері жөнінде паш етеді. Ал, сол жерде бой көтерген киіз үйдің өз ерекшелігі бар.

Бұл - Түркиядағы Қазақстан бұрышы. Шағын мұражайда еліміздің географиялық, экономикалық жағдайы туралы ақпараттар берілген.

Ал, музейге қойылған ұлттық киім, ыдыс-аяқ пен аспаптар қазақтың тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрпынан сыр шертеді. Төрде - қазақтың қара домбырасы, қоңыр қобызы, ал, кіреберісте Тайқазанның көшірмесі тұр. 

Бақытжан Омар, тілші:

Стамбулдың төріне тігілген мына ақбоз үйді Президент Нұрсұлтан Назарбаев 2011 жылы Түркия премьер-министрі Реджеп Тайып Ердоғанға сыйлаған болатын. Бұл киіз үй алдымен премьер-министрдің өз үйінің алдында тұрды. Кейін қала орталығында орналасқан «Түркі дүниесі» алаңына әкелінді.

Бүгін Қазақстанмен танысқан түрік бауырымызға шапан кигізіліп, құрмет көрсетілді. Гүркан Өзсой түбі бір түркі елдерінің тарихы ұштасып жатқанын айтып, қазақ мұражайының ашылғанына ризашылығын білдірді.

Гүркан Өзсой, Стамбул тұрғыны:

Қазақстан туралы біраз ақпарат алдым. Әрбір түрік бұл елдің тарихын жақсы білуі тиіс. Себебі, біздің ата-бабаларымыз Орталық Азиядан келген. Мұражайды аралағаннан кейін Қазақ еліне барып, мәдениеті мен өмірін өз көзіммен көруге ынтам бар.

Бұл орталықта түркітілдес елдердің музейлері шоғырланған. Қазақстаннан бөлек, Әзірбайжан, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Түркіменстан, Татарстан және Башқұртстанның мәдениет үйлері бар.

Абдулметин Кескін, «Түркі дүниесі» мәдени орталығы директорының орынбасары:

«Түркі дүниесі» ауданында әр ұлттың өз мерекелері тойланып, түрлі шаралар ұйымдастырылып тұрады. Мәселен, Наурыз, Сабантой сияқты мейрамдарды атап өтеміз. Сондай-ақ, түрлі көрмелер, тілдік, аспаздық, қолөнер курстарын өткіземіз. Шетелдіктер түркітілдес халықтардың салт-дәстүріне тәнті болып жатады.

Бүгін орталықты аралаған қонақтар қазақ мұражайына ерекше ынтызарлық танытты. Естелікке суретке түсіп, Қазақстанға ыстық сәлемдерін жолдады.

Бақытжан ОМАР

Хабарламаларға жазылу