Көпшілік осылай деп атап кеткен пәтер иелері кооперативтерінің қызметі қайта қолданысқа енеді. Яғни, 18 қыркүйектен бастап тұрғындар ПИК немесе МИБ қызметін өз қалауы бойынша таңдай алады. ПИК дегеніміз – пәтер иелері кооперативі. Ал МИБ – мүлік иелері бірлестігі. Екеуінің айырмашылығы - мәселен, ПИК бір емес, бірнеше тұрғын үйге қызмет көрсетсе, ал МИБ «бір көпқабатты тұрғын үй, бір есепшот» қағидасымен жұмыс істейді. Тұрғын үйді күтіп-баптау мақсатында жаңадан құрылған МИБ қызметін таңдағандар тым аз болып шықты. 15 пайыз ғана. Сондықтан тұрғындарға ПИК қызметін қайта қолдану мүмкіндігі беріледі.
Қарахан Қаби, ҚР ӨҚМ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту басқармасының басшысы:
Жасыратыны жоқ, МИБ реформасы толыққанды жүзеге асқан жоқ. Тәжірибе өзі көрсеткендей, кейбір адамдарға ПИК ұнайды екен. Кейбір ПИК-тер қызметін жақсы атқарады екен. Адамдарға таңдау құқығы беріліп отыр. Сізге осы ПИК ұнай ма, ары қарай жұмысыңызды жалғастыра беріңіз, ешкім сізге МИБ құр деп міндеттемейді.
Сондай-ақ «автотұрақ» пен «қоймаға» қатысты жаңа терминдер енгізілді. Енді төлем жасағанда «Автотұрақты күтіп ұстауға арналған ағымдағы төлем» деп нақты көрсетіледі. Бұл жаңа төлем түрі емес. Тек атауы нақты көрсетілген төлем.
Самал Қабышева
