АҚШ президенті Дональд Трамп ел астанасына кіргізген ұлттық гвардия жауынгерлері көшеде қару ұстап жүретін болады. Мұны «Рейтер» агенттігі хабарлады. Гвардияшылар Вашингтонға жақында қылмыспен күрес мақсатында жөнелтілді. Сонымен қатар, Трамп Балтиморға да әскер енгізетінін ескертті. Жергілікті ақпарат құралдарының мәліметінше, жалпы алғанда, алдағы апталарда 19 штатқа 1700 сарбаз шоғырландыру жоспарланып отыр.
Вашингтонда орналасқан Қылмыстық сот төрелігі жөніндегі кеңестің баяндамасына қарағанда, 2024 жылы АҚШ-тың 36 ірі қаласында 100 000 тұрғынға шаққанда 26 кісі өлтіру фактісі тіркелген. Дегенмен, Иллинойс губернаторының пікірінше, елде қылмыспен байланысты төтенше жағдай қалыптасып отырған жоқ. Сондықтан қалаларға қарулы күштерді жіберу тоқтатылғаны жөн.
Арыстан Рысбек
