Қызылорда облысында үздік орта білім беру ұйымына 34 миллион теңге берілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысында үздік орта білім беру ұйымына 34 миллион теңге берілді

23.08.2025

Жаңа оқу маусымы алдында Қызылорда облысында үш «Келешек мектебі» ел игілігіне беріледі. Аймақ ұстаздарының тамыз конференциясында білім саласының жетістіктері сараланып, алдағы мақсат-міндеттер айқындалды.

Сыр өңірі білім беру көрсеткіші бойынша соңғы екі жылда жоғары нәтижеге ие. Мектеп түлектері биыл оқу орындарына 4800-ден аса грант иеленді. Дарынды оқушылар түрлі пәндік олимпиадалар мен ғылыми сайыстарға қатысып, мыңға жуық медаль жеңіп алды.

Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:

Аймағымызда соңғы үш жылда білім саласына 812 млрд 245 млн теңге бөлінді. Биылдың өзінде 346 млрд 800 млн теңге қарастырылды. Өткен жылы қаржыландырудың барлық көздері есебінен 31 млрд 800 млн теңгеге 13 білім беру ұйымы жаңадан ашылды.

Ұстаздардың алқалы жиынында Мемлекет басшысы айқындап берген «адал азамат, кәсіби маман» тәрбиелеудегі стратегиялық жоспар талқыланды. Мектеп мұғалімдері ІТ, жасанды интеллект бағдарламаларының мүмкіндіктерін оқу процесіне кеңінен пайдалануы керек. Осы үдеден шығып, бүгінде үздіктер қатарынан көрінген бір топ педагогқа мемлекеттік награда мен министрліктің төесбелгілері табысталды.

Ляззат Әбенова, С. Толыбеков атындағы №3 ІТ мектебінің директоры, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері:

Жалпыұлттық құндылықтарға сүйене отырып, мектеп ата-анамен және қоғаммен бірлескен жұмысты күшейтеміз. Әр айға жеке тақырыптар белгіленіп, олар сабақтар мен сыныптан тыс іс-шаралармен сабақтастырылады.

Ал облыс әкімінің «Орта білім беретін үздік ұйым» грантына Шиелі ауданындағы №47 мектеп-лицейі лайық деп танылып, 34 миллион теңгенің сертификаты табысталды. Ал аймақ оқушыларын қосымша біліммен қамтуға биыл 9 млрд теңге қаралып, 34 мың бала тегін спорттық-шығармашылық секцияларға қатысуға мүмкіндік алды.

Әділбек Серікұлы

Хабарламаларға жазылу