Ақтөбедегі 39 емдеу мекемесі цифрландыру жүйесіне көшті. Ал облыстық көпсалалы ауруханада телемедицина орталығы ашылды. Жалпы өңірде Мемлекет басшысының Жолдауында жүктелген міндеттерді орындау мақсатында маңызды істер қолға алынған. Жаңашылдықтар дәрігерлердің жүктемесін азайтып, жұмыс сапасының артуына ықпал етуде.
Медицина саласына енгізілген өзгерістер емделушілерге де оң әсер ете бастады. Олар қажетті дәрі-дәрмекті кезек күтпей, eGov мобильді қосымшасы арқылы алады. Сондай-ақ дәрігерлерден кеңес алу тәсілі жеңілдетілген.
Нұржамал Өтекбаева, қала тұрғыны:
Барлық дәрі-дәрмекті телефон арқылы аламын. Тіркеуден де телефонмен өтемін. Медбике мен дәрігерлердің нөмірлері өзімде бар, қажет кезде бәріне қоңырау шалып отырамын.
Жыл басынан бастап Ақтөбедегі 39 емхананың барлығында қабылдау Face ID арқылы жүріп жатыр. Яғни, емделушінің бет-әлпеті арқылы ол туралы барлық мәлімет бірден көрінеді. Анықтама, жолдама беру жұмыстары да жеңілдеді.
Ақсәуле Қадірова, №3 қалалық емхананың жалпы тәжірибелік дәрігері:
Әрбір науқас қабылдауға келгенде Face ID арқылы дәрі алу ыңғайлы. Ал смартфоны жоқ кісілерді смс-код арқылы идентификациялаймыз.
Бұл еліміздің батыс аймағындағы ең ірі медицина мекемесі. 650 адам еңбек етеді. Оның 120-сы дәрігер. Ауруханада жуырда ғана ахуалдық орталық ашылып, телемедицина жолға қойылды. Бұл жерден өңірдегі барлық емдеу мекемесіндегі жағдайды бақылап отыруға мүмкіндік бар. Білікті мамандар бейнебайланыс арқылы кеңес те бере алады.
Қайрат Жетібаев, облыстық көпсалалы аурухананың басшысы:
PACS жүйесі облыс көлеміндегі барлық радиологиялық зерттеулерді бір орталықта шоғырландырады. Мұнда жасанды интеллект қолданылады. Консилиумдарымызға да қолайлы – интернет бар кез келген жерде зерттеулерге тікелей қол жеткізуге болады.
Ауруханада соңғы үлгідегі МРТ аппараты жұмыс істеп тұр. Мұндағы ақпараттар бірден телемедицина орталығына түседі. Дәрігерлер біліктілік арттыру курстарынан өтіп тұрады. Қазір ағза алмастыру оталары еліміздің батыс аймағы бойынша тек Ақтөбе қаласында жасалады. Соңғы жылдары аудан, ауылдардағы медицина мекемелеріне де ерекше көңіл бөліне бастады.
Төребек Сүлейменов, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының бас маманы:
2025 жылы 14 нысанның құрылысы жоспарланған. Оның 11-і ауылдық денсаулық сақтау саласын жаңғыртуға бағытталған. Сондай-ақ бір нысан «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында, ал екі нысан облыс бюджеті есебінен іске асырылады.
Медицина саласы бойынша өңірде 118 қызмет түрі қашықтықтан көрсетіледі. Оған арнайы белгіленген профильдік дәрігерлер бар.
Жақсыбек Кемал
